Қазақстан мен Өзбекстан ғарышты игеру бойынша бірнеше жобаны іске асырып жатыр.
Соның бірі трансшекаралық өзендерді көктен бақылау идеясы. Ғылыми тілде айтсақ, жерді қашықтан зондтау және GIS бағыттарын дамыту. Бұл жұмыстар жүзеге асса, Орталық Азия аймағы үшін үлкен олжа. Себебі тіршілік нәрінің азаюы өңірде үлкен мәселеге айналып барады.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер көптеген бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Соның бірі ғарыш саласы.
«CubeSat» спутнигін құрастыру үшін бауырлас мемлекеттердің бір топ инженері қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде Өзбекстанның да сала мамандары бар.
Бехруз Мирзаев, "Өзбекғарыш" агенттігі халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы:
- Ғарыштық мониторинг бойынша біз қазақ тарапының тәжірибесін зерделедік және кейбір маңызды бағдарламаларды өзімізге енгіздік. Трансшекараларды әуеден бақылау идеясы қазір өзекті. Сондай-ақ біз Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Қазақстан әзірлеп жатқан спутникті құрастыру және оны ғарыш кеңістігіне шығару бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Трансшекаралық суларды әуеден бақылау идеясы әзірге талқыланып жатыр. Бастапқыда ол ғылыми жоба ретінде жүруі мүмкін. Кейін оны толық платформа ретінде қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Қуандық Шүленбаев, ҚР ЖИЦДМ аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан үшін де өте маңызды. Біз күш-жігерімізді біріктірсек, мұздықтардың қандай жылдамдықпен еріп жатқанын және қай су арналарын тазарту қажет екенін біле аламыз. Себебі сортаңдану, батпақтану сияқты мәселер бар. Ғарыштан бақылау осындай түйіткілдерді алдын алуға мүмкіндік береді.
Түркі ұйымына мүше мемлекеттер Қазақстанның ғарыш саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, біріккен жобалардың жүзеге асарына сенміді. Және осы бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендерін айтады.
Дулат Нуркин
Тегтер #Қазақстан #Өзбекстан #ғарыш #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz