Араб елдері Таяу Шығысты ядролық қарудан арылту бастамасын тағы көтерді.
Аймақта бұл мәселе бұрыннан өзекті болғанымен қазір тіпті күрделене түсті. Өйткені алапат қаруға иелік еткісі келетіндер көбейді. Жойқын күшті таратпау жөніндегі талап болғанмен мұны бәрі бірдей орындап жатқан жоқ.
Таяу Шығыс – шырғалаң шегіне жеткен аймақ. Мұндағы қақтығыстардың жиілігі әлем экономикасына ауыр тиіп тұр. Әсіресе, атағы алысқа кеткен шығанақ қалалары екі оттың ортасында қалды. Араб елдері АҚШ-Израиль, Иран соғысында барынша бейтарап болғанымен, соғыс салдарын азайта алмай әлек. Сол себепті өңірлік қарым-қатынастар қайта қаралып, қатаң шектеулер көбейіп жатыр.
Дипломат, араб лигасының бұрынғы бас хатшысы:
- Ядролық қаруды таратпау талабы өңірдегі барлық елге бірдей қолданылуы тиіс. Менің меңзеп отырғаным Израиль. Олар да жаппай қырып-жою қаруына иелік етеді. Кейінгі жылдары оның көлемін арттыруға бекінгенін байқау қиын емес. Демек ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты өңірдегі барлық ел біркелкі дәрежеде орындауы қажет. Біржақты көзқарас тұрақтылыққа әкелмейді. Біз келешегімізге алаңдасақ, осы түйткілдің түйінін тарқатуымыз керек.
«Аймақта қос мемлекеттің жаппай қырып жою қаруына ұмтылуы – қауіпті үрдіс», - дейді мамандар. Олардың айтуынша, бұл қатарға кейін өзге де мемлекеттер қосылуы мүмкін. Оның үстіне, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім барлық елге бірдей қолданылып жатқан жоқ. Қазірдің өзінде, жойқын күшті сыртқы саяси қатынаста басты көзіріне айналдырғандар бар.
Салех Әлхатлан, "Gulf" зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:
- Газа секторындағы ұзаққа созылған қақтығыстар өңірдегі сенім дағдарысын күшейтті. Халықаралық қауымдастық оны тоқтата алмауда. Мұның себептері күрделі. Әркім әртүрлі түсіндіреді. Салдарынан Палестина халқы екіге бөлініп, тұрғындар жан-жаққа босып кетті. Сол себепті алапат күш, жойқын қаруға қарсы қандай да бір тежеуші фактор керек.
Енді араб елдері ортақ ұстанымын бірлесіп нығарлауға кірісті. Осы мақсатта қорғаныс альянсын құру жөніндегі ұсыныс қызу талқыланып жатыр. Сауд Арабиясы, Қатар, Кувейт, Араб әмірліктері мен Бахрейн бұған аса мүдделі.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Ішкі дау-дамайы мен қақтығысы басылмай тұрған өңірді ядролық қарудан азат ету бастамасы бұған дейін де көтерілген. Алайда ұзақ уақыт бойы елеусіз қалып келген еді. АҚШ–Израиль және Иран арасындағы шиеленістен кейін мәселе қайта күн тәртібіне оралды. Яғни тараптар Таяу Шығыстағы ешбір мемлекет атом бомбасына иелік етпеуі тиіс деген ұстанымынан әлі айныған емес. Тек Израиль мен Иран арасында ортақ ымыраның болмауы жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр.
Рауан Мыңбай
Тегтер #Араб елдері #Таяу Шығыс #ядролық қару #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz