Мұнайдың қымбаттауы еуропалық жүргізушілердің қалтасына салмақ салды.
Егер алдағы уақытта "қара алтын" құны арзандамаса, әрбір адам жанармайға жылына 220 еуродан артық ақша жұмсайды, - дейді сарапшылар. Сондықтан, қарт құрлықта электрлі көлік мінгендер көбейді.
Германияда жанармай қымбаттады. Қазір бұл елде АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі шамамен 2 еуро, яғни 1100 теңгеден сатылады. Бұған Таяу Шығыстағы шиеленіс себеп, дейді сарапшылар. Сондықтан Германия жұрты тоқпен жүретін көлікке ауыса бастаған. Кейінгі дерек бойынша Ирандағы соғыстан бұл елде электрлі кар міну қарқыны бірден 8 пайызға артқан.
ЦИТАТА:
Филипп Зайлер Фон Аменде, көлік платформасының бас директоры
Электромобильдерге сұраныс артты. Бұған мұнайдың қымбаттауы түрткі болып отыр. 28 ақпаннан бері платформада электркарларды сатып алуға қызығушылық танытқандардың үлесі 55-тен 63 пайызға дейін өсті. Ал жанармай, дизельмен жүретін темір тұлпарларға сұраныс 23 пайыз, гибридтерге болса 15 пайызға артты.
Таяу Шығыстағы шиеленіс мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа да әсер етіп отыр. Құрама Штаттарда жанармай бағасы 60 центке, яғни 300 теңгеге қымбаттады. Қазір Америкада бензиннің бір галлоны 3 жарым доллар тұрады. Бұл америкалық жүргізушілерді гибрид көліктерді мінуге итермелеп отыр. 2 наурыздан бері темір тұлпардың бұл түріне сұраныс 2 пайызға артқан.
ЦИТАТА:
Джессика Колдуэлл, автонарық сарапшысы
Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстың басталғанына көп болған жоқ. Бірақ жанармай бағасы едәуір көтерілді. Егер жағдай жақын арада түзелмесе, онда электркарларға сұраныс та көбейеді.
Сарапшылардың сөзіне қарағанда, тоқпен жүретін көліктерге қызығушылық артса, тиісінше баға да қымбаттайды. Алайда әлем жұрты электрлі көліктерге толықтай ауысуы үшін инфрақұрылымдық қолдау қажет. Өйткені көп елде қуаттағыш стансалар әлі де жетіспейді, дейді мамандар.
Зайнұр Байжігіт, Мадина Лашбай
Тегтер #электрлі кар #бензин #мұнай #Таяу Шығыс #Иранмен соғыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz