Өзбекстанның Шыршық қаласындағы номері 17 қазақ мектебі ұлттық өнерді ұлықтап жүр.
Білім ордасының жанында домбырашылар мен би үйірмесі жұмыс істейді. Оқушылар облыстық және халықаралық сайыстарда қазақтың күйін шертіп, жүлделі орыннан көрініп жүр.
Шыршық қаласында домбырашылар мектебі-деп танылған білім ордасында би үйірмесі де жұмыс істейді. Қазақтың ұлттық киімін киген оқушылардың сайыстан жүлдесіз оралуы кемде-кем екен. Қаракөздер арасында өнерпаздар көп, оларға дұрыс жөн сілтеп, бойындағы талантын ашу парызымыз-дейді мектеп басшылығы.
Тұрсынай Төлегенова, мектеп директоры:
- Олардың барлығы бір ғана мектебімізде емес, қалада, облыста тіпті халықаралық конкурстарға қатынасып, жүлделі орындарды алып келуде. Таланты бар балаларды үйірмелерге тартып, сол жерден жоғарға алып шығамыз.
Жас домбырашылар ұжымы жуырда Ташкентте өткен Республикалық сайыста жүлделі орыннан көрінген. Ендігі мақсаттары Қазақстанда өтетін домбырашылар конкурсында бақтарын сынау.
Сымбат Бейсенова, оқушы:
- Бұрыннан менің ата-анам домбыраға, қазақтың әдебиетіне өте жақын. Ұлтқа қатты мән береді. Сондықтан мен де домбыраны жақсы көрем. Үйірмеге күнде келуге ұмтыламын. Көбінесе қызықты күйлерді тартқым келеді. Мәселен, Балбырауынды күннен күнге жақсартып тартуға тырысып жатырмын.
Шыршықтағы қазақ мәдени орталығы жас өнерпаздармен тығыз байланыста. Олар шаһардағы рухани іс-шараларға жиі қатысып,көрерменнің қошеметіне бөленіп жүр.
Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласындағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:
- Өнерлі жастар өте көп. Оларды тек қолдау керек. Егер оларды қолдап қуаттасақ, өзге жастар да тартылады. Биші қыздарымыз былтыр екінші орын алып келді.
Шыршық қаласында 178 мың тұрғын бар. Соның 25 мыңға жуығы қазақтар. Олар салт дәстүрді сақтап, бабалар аманатын абыроймен арқалап келеді.
Дулат Нуркин
Тегтер #Өзбекстан #қазақ мектебі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz