RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда тәулігіне 117 жер сілкінісі тіркеледі

29.04.2026, 10:00 45

Түркияда жер сілкінісі жиіледі. Жыл басталғалы сейсмикалық белсенділік бірнеше есе артқан. Үш айда Анадолы жерінде 13 мыңға жуық дүмпу тіркелді.

Мамандар мұны табиғи құбылыс деп түсіндіргенімен, қауіпсіздік шараларын күшейту қажет екенін де ескертеді.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркия сейсмикалық белсенділігі жоғары Анадолы плитасының үстінде орналасқан. Бұл аймақ кез келген уақытта жойқын жер сілкінісіне ұшырауы мүмкін. Мәселен, 3 айдың ішінде Түркияда 13 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген. Бұл – тәулігіне орта есеппен 117 дүмпу деген сөз. 

Сарапшылардың айтуынша, мұндай көрсеткіш кейінгі бірнеше жылдағы орташа деңгейден жоғары. Әсіресе елдің батысындағы Балыкесір провинциясы мен Күтахияның Симав аймақтарында сейсмикалық белсенділік ерекше байқалады. Бұл өңірлерде ұсақ дүмпулер жиі қайталанып, жалпы статистикаға айтарлықтай әсер етіп отыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, Түркияда шамамен әр екі күн сайын магнитудасы 4-тен жоғары, ал айына бір рет 5 балдан асатын дүмпулер тіркеледі. Жыл басынан бері ең ірі жер сілкінісі наурыз айында Токат провинциясында болып, оның қуаты 5,5 балға жеткен. Бұдан бөлек, Ван, Денизли және Балыкесір өңірлерінде де 5 балдан жоғары зілзала тіркелген. Мамандардың сөзінше, ел аумағында белсенді жарықтардың саны да артып келеді. Көрсеткіш 600-ге жеткен. Ал теңіздегі және көршілес аймақтардағы тектоникалық жарықты қосқанда олардың жалпы саны мыңға жуықтайды.

Ғалымдар Түркияның сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ескере отырып, жер сілкінісінің жиі болуы табиғи заңдылық екенін айтады. Сондықтан қауіптің алдын алуға баса назар аудару керек. Билік бұған қарсы тұрғын үй құрылысын күшейтіп жатыр. Бұл бағытта сейсмикалық қауіпке төзімді құрылыс нысандарын жүргізуді бастап кетті. Ел аумағында «Ғасыр жобасы» аясында 500 мың әлеуметтік баспана салу жоспарланған. Қазір бірнеше аймақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Алғашқы үйлерді тапсыру келесі жылға жоспарланған. 

Авторлары: Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz