АҚШ-та 50 жастан асқан әрбір төртінші адам зейнетке толық шығудан бас тартып отыр.
Сарапшылар мұны зейнетақы жинағының жеткіліксіздігі мен өмір сүру құнының өсуімен байланыстырады. Осы себепті егде жастағы азаматтар қосымша табыс табу үшін жұмыс іздеуге мәжбүр. Бұл орайда түрлі бағдарламалардың көмегіне жиі жүгінеді. Алайда жаңа технологияға бейімделу де оңай емес.
АҚШ-та зейнет жасына шыққан азаматтардың жұмысын жалғастыруы жиіледі. Соның бірі 72 жастағы Барбара Баратта. Ол 2018 жылы медбике қызметін аяқтағанымен белсенді өмір салтынан бас тартуға дайын емес екенін түсінген. Сондықтан арнайы қосымшаға тіркеліп, үй жануарларына күтім жасаушы болып орналасады. Бұл оған қосымша табыс табуымен қатар қозғалыста болып, денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Барбара Баратта, зейнеткер:
- Зейнетке шыққан соң бос отырмй үнемі қимыл-қозғалыста болу үшін жұмыс табуды жөн көрдім. Бұл маған белсенді болуға көмектеседі. Оның үстіне жануарларды жақсы көремін. Жаңа жұмысым өзіме қатты ұнайды.
Бұрын компания құрып, бизнеспен айналысқан 74 жастағы Стю Голдберг бүгінде такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Нейропсихология бойынша ғылыми дәрежесі мен кәсіпкерлік тәжірибесіне қарамастан Голдберг қосымша табыс табу үшін осы жұмысты таңдаған.
Стю Голдберг, зейнеткер:
- Жұмысымды кейде ерте бастаймын, кейде тіпті түнге дейін жүремін. Бәрі жағдайға байланысты. Маған бұл жұмыстың еркіндігі ұнайды.
Американдық зейнеткерлер қауымдастығының дерегіне сәйкес, 50 жастан асқан әрбір бесінші азаматтың зейнетақы жинағы жоқ. Ал сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі жинаған қаражаты зейнетке шыққан соң жеткіліксіз бола ма деп алаңдайды.
Карли Рожковски, Американдық зейнеткерлер қауымдастығының вице-президенті:
- Қазір бәрі қымбаттап барады. Сол себепті көп адам жұмысын жалғастыруға мәжбүр. Сондықтан зейнет тек тынығып, үйде отыратын кезең деген түсінік қазір ескіргендей көрінеді.
Бүгінде көптеген егде жастағы америкалық үшін смартфон табыс табудың негізгі құралына айналған. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыс тек кіріс көзі ғана емес. Ол адамдарға қоғамда белсенді болып, тәжірибе бөлісуге әрі өмір ырғағынан қол үзбеуге мүмкіндік береді.
Динара Қуандыққызы
Тегтер #АҚШ #зейнеткер #жұмыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz