Біріккен Араб әмірліктері Ормуз бұғазына балама жаңа су жолын салуы мүмкін.
Құны миллиардтаған долларлық жоба елдің сәулетшілер қауымдастығы тарапынан ұсынылды. Қазір әмірлік Парсы шығанағында АҚШ пен Иранның қысымына ұшырап, кеме қатынасын толық қалпына келтіре алмай жатыр. Ал Дубайды көктей өтетін жасанды арна тікелей Араб теңізіне жол ашуы тиіс.
Әмірлік билігі бұдан былай Иран мен АҚШ әскері бақылайтын Ормуз бұғазына еш тәуелді болғысы келмейді. Сол себепті халықаралық тауар тасымалын әртараптандыратын өршіл мақсатты қолға алып отыр. Жаңа су жолының жобасы елде бұған дейін ұсынылып, жан-жақты таразыланған. Бірақ қаржылық ауыртпалығына қарай кейінге шегеріліп келді. Болжам бойынша құрылысқа ондаған миллиард доллар қажет. Егер іске қосылса, ел бюджетіне жыл сайын тұрақты пайда әкеліп тұрады.
Абдулрахим Абдулвахид, саяси сарапшы:
- Жоба көлік шығындарын азайтып, мұнай тасымалын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сыртқы күштер оны біздің бақылаудан шығара қоймайды. Әлбетте сырт көзге қарағанда мүмкін емес секілді көрінеді. Ал мен бұған сенемін. Себебі Араб әмірліктері өткен 50 жылда қаншама дүниені шындыққа айналдыра білді.
Осылай дегенмен ел ішінде жобаның келешегіне күмәнмен қарайтындар аз емес. «Өйткені бюджеттің бұған мүмкіндігі жетпейді. Бұл бір. Екіншіден, жасанды су жолы тұтас араб түбегінің табиғи тепе-теңдігін бұзады», - дейді кей мамандар. Ал сәулетшілер қауымдастығы арнаға «Бірлік бұғазы» деген атау беріп үлгерді. Әрі футуристік тұрғыда теңдессіз деп бағалады.
Обаид Әлзааби, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
- Мен жобаға қанша қаржы жұмсалатынын шамалап қана айта аламын. 10-12 жыл бұрын Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істегенімде әріптестерім аталған арна құрылысын шын мәнінде қызу талқылай бастады. Сосын биліктегілер барлығын кейінге шегерді. Өйткені шөл далада алып кемелер өтетін арна қазу, таулы аймақтар арасын жарып өту, жыл сайын арнаны күтіп-ұстап тұру сынды мәселелер бар. Мұның бәрі бюджетке едәуір салмақ салады. Сондықтан оның орнына Ормуз бойында жағдайды тұрақтындыруға күш салу керек деп ойлаймын.
Жаңа арна өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай арттырады. Алып кемелер үшін тікелей Араб теңізіне жол ашады. Алайда әзірге мұның барлығы жоспар. Іс жүзінде ұзақ уақытқа созылатын шаруа. Соған қарамастан Араб әмірліктері сауда жолдарын әртараптандыратын кез келген идеядан бас тартып жатқан жоқ.
Рауан Мыңбай, тілші:
Жылдар бойы тыншып жатқан су жолынан биыл әбден мазасы қашты. АҚШ пен Иран арасындағы дау-дамай, қақтығыстың кесірінен қаншама кеме өткелден өте алмай, айдында қаңтарылып тұрып қалды. Сәт сайын қарасы қоюлана берді. Тек кейінгі күндері ахуал біршама тұрақталды демесеңіз, бұғаз арқылы қатынас толық қалпына келмеді. Әлі де тәуекелі басым аймақ болып тұр.
Рауан Мыңбай
Тегтер #Ормуз бұғазы #жол #24KZ #Таяу Шығыс #Иранмен соғысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz