Ормуз бұғазы төңірегіндегі дағдарыс Орта дәліздің стратегиялық маңызын арттырды. Бельгиялық сарапшылар осылай дейді.
Еуроодақ Қазақстанмен транзит, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты күшейтіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға ниетті. Бұл тақырып Брюссельде өткен басқосуда талқыланды.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытай мен Еуропаны Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арқылы байланыстырады. Ол сондай-ақ еуропалық компанияларға Азия нарығына шығуға мүмкіндік береді. Брюссельдегі «Қазақстан – Еуроодақ: Жаһандық қақпа» үкіметтік емес ұйымы өткізген жиында Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдан кейін Орта дәлізге деген сұраныс артқаны айтылды.
Годфрид Смит, Еуропалық жүк жөнелтушілер кеңесінің бас хатшысы:
- Қазір Ормуз бұғазындағы энергия тасымалына қатысты мәселе күрделі. Егер дағдарыс сыйырқұйымшақтанып кетсе, Орта дәліз сияқты балама бағыттарға деген қызығышылық арта түседі. Оны жаңа логистикалық шешімдердің бірі ретінде пайдалану ықтималдығы жоғары.
Қазір жүктің едәуір бөлігі Қытайдан Еуропаға теңіз арқылы тасымалданады және оны жеткізуге бір айдан көп уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан аймақ елдері Каспий арқылы өтетін бағытты дамытуға басымдық беріп отыр. Теміржол, порт және автокөлік тасымалы біртұтас жүйе ретінде үйлесімді жұмыс істеуі қажет.
Пьер Боргольц, Ferrmed Еуропалық қауымдастығы консультативтік кеңесінің мүшесі:
- Орта дәліз теңіз тасымалымен бәсекеге түсе алады. Өйткені теңіз арқылы жеткізу шамамен 30 күнге, кейде одан да ұзаққа созылады. Бағыт ішіндегі барлық байланыс жүйесі жетілдірілсе, бұл мерзімді қысқартуға болады. Ең бастысы – бір көлік түрінен екіншісіне ауысу барынша тиімді болуы керек.
Сарапшылар Қазақстанның Орталық Азия экономикасында жетекші рөл атқаратынын да атап өтті. Егер 90-жылдардың басында өсімнің негізгі тірегі мұнай-газ секторы болса, бүгінде экономика әртараптандырылып келеді. Басымдық жаңартылатын энергия, сутегі, жаңа отын түрлері мен заманауи технологияларға берілуде.
Марат Тертеров, Брюссель Энергетикалық клубының негізін қалаушы:
- Әсіресе Батыс Қазақстанда қайта индустрияландыру процесі жүріп жатыр. Газ өңдеу зауыттары, металлургия, мұнай-химия саласы дамуда. Бұл Қазақстанды да, бүкіл өңірді де ілгерілетіп, Каспий маңындағы көлік байланыстарын нығайтады. Елдеріңіз осы үдерістің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып отыр.
Орта дәлізді одан әрі дамыту үшін Қазақстан «Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісін салып жатыр. Кездесуде сөз сөйлеген Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко қатысушыларды осындай жобаларға инвестиция салуға шақырды. Ол сондай-ақ жүк тасымалын цифрландыру және көлік тораптарын дамыту бағытында халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ормуз бұғазы #АҚШPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz