RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-Иран келіссөздерінің нарыққа әсері

04.05.2026, 19:27 45

Әлемдік нарықта мұнай бағасы құбылып тұр.

Бұған Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі және Ормуз бұғазындағы жағдай әсер етуде. АҚШ президенті Дональд Трамп «Бостандық» операциясын бастау туралы мәлімдеп, бұғатталған кемелерге көмек көрсетілетінін хабарлады. Сарапшылардың пікірінше, теңіз дәлізі толық қалпына келтірілсе, мұнай бағасы одан әрі төмендеуі мүмкін. Алайда аймақтағы шиеленістің әсері әлі де сақталып отыр.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге қатысты пікірлер әзірге екіұшты. Ақ үй басшысы Дональд Трамп бұл үдерісті оң бағалап, тараптар ортақ нәтижеге қол жеткізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Осыған дейін Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынған. Бұл туралы осы елдің «Фарс» және «Тасним» агенттіктері хабарлады. Құжатта Ормуз бұғазында жаңа кеме қатынасы тәртібін енгізу, теңіз блокадасын болдырмау, санкцияларды жою және қақтығысты толық тоқтату талаптары көрсетілген. Алайда Ақ үй бұл ұсыныстарды қарауға уәде бергенімен, құжатты әзірге қабылдамай отыр.

Д. Трамп «Бостандық» операциясын бастады

АҚШ Ормуз бұғазында қалып қойған бейтарап елдердің кемелерін шығару үшін бүгін арнайы операция бастады.  АҚШ Орталық қолбасшылығының дерегіне сәйкес, операцияға әскери кемелер, жүзден астам әуе және теңіз техникасы, сондай-ақ шамамен 15 мың әскери қызметкер тартылмақ. Аталған операцияға кедергі келтірілген жағдайда күш қолданылатыны ескертілді. Ал Иран тарапы бұл қадамды атысты тоқтату режимін бұзу ретінде бағалайтынын мәлімдеді.

Мұнай бағасы арзандады 

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың ушығуы әлемдік мұнай нарығына тікелей ықпал етіп отыр. Bloomberg мәліметінше, Brent маркалы мұнай фьючерстері 64 центке арзандап, барреліне 108 доллар деңгейінде қалыптасты. Бұған дейінгі сауда сессиясында баға 2,23 долларға төмендеген. Ал АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы 84 центке арзандап, барреліне 101,10 доллар деңгейінде саудалануда. Сарапшылардың пікірінше, бағаның құбылуына Ормуз бұғазындағы жағдайға қатысты АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесі әсер еткен.

Әлемде энергетикалық дағдарыс күшейді 

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа байланысты әлемде энергетикалық дағдарыс күшейді. Әсіресе оның ауыр салдары Еуропада сезіліп отыр. Авиациялық отын тапшылығы күшейіп,  бағасы айтарлықтай өскен. Соған байланысты әуе тасымалы саласында рейстерді қысқарту және жолаушыларды біріктіру шаралары қарастырылуда. International Air Transport Association дерегіне сәйкес, авиациялық отын бағасы бір аптада барреліне 179 долларға дейін көтерілген. Сонымен қатар энергия бағасының өсуі бірқатар салаларға қиындық тудырып, тіпті  кейбір қызмет түрлерінің уақытша тоқтауына әкелді.

Динара Қуандыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz