Өзбекстанның Хиуа қаласында «Лазги» биінен халықаралық фестиваль өтті.
Әр екі жылда бір рет ұйымдастырылатын ауқымды іс-шараға ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ ұйымдары демеушілік жасады. Халықаралық байқауға қазақстандық өнерпаздар да қатысып, жүлделі орындарды еншіледі.
Фестивальге әлемнің 30 мемлекетінен 300-ден астам кәсіби бишілер мен өнер топтары келді. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. «Салтанат» би ансамблі мен Атыраудан келген жас биші қыз Қаракөз Мұрат еліміздің атынан өнер көрсетіп, отанымыздың даңқын асқақтатты. Олар сан мыңдаған көрерменге қазақтың ұлттық биін тарту етті.
Қаракөз Мұрат, фестиваль жүлдегері /Атырау/:
- Мұндай үлкен шараға тұңғыш рет қатысып отырмын. Би өнерімен бес жасымнан айналысамын. Осы сайысқа бір жыл бойы дайындалдым. Жүлделі орын алғаныма өте қуаныштымын. Мені осындай деңгейге жеткізген ұстаздарыма, маған жанкүйер болған жандарға алғысым шексіз.
Хорезм лазгиінің үш мың жылдық тарихы бар. Және ол ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Фестиваль аясында «Әлемдік мәдени дамудағы би өнері: дәстүрлер мен құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Өнертанушылар мен хореография мамандары дәстүрлі музыка және би бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.
Шахло Наралиева, өнертанушы:
- Лазги бұл күн, ал күн бұл өмір. Өмір дегеніміз бақыт, ізгілік. Екі ел арасындағы, ғалымдардың арасындағы ынтымақтастықтың артқанын біз қазір көріп тұрмыз.
Этномәдени мұраны сақтау мен дамытуды мақсат еткен өнер мерекесі Орталық Азия елдерінің мәдени ынтымақтастығын арттыруға және халықтар арасындағы достықты одан әрі нығайтуға бағыттылып отыр.
Дулат Нуркин
Тегтер #Қазақстан #Өзбекстан #би өнері #жарыс #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz