RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ биыл тәуелсіздігінің 250 жылдығын атап өтеді

08.05.2026, 14:12 96

Айтулы мерекеге орай елдің алғашқы президенті Джордж Вашингтон мекен еткен Маунт Вернон резиденциясында театрландырылған қойылым болды. 

Жиналған жұртқа Американың Британиямен соғыс кезіндегі ұрыстан көрініс ұсынылды. Іс-шараға 11 мыңнан аса адам жиналды. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- ХVIII ғасырдың екінші жартысы. Қазақ хандығы жоңғар шапқыншылығынан ес жиып, Абылай хан Ресей және Цин империясының ықпалын дипломатия күшімен ұстап тұрған шақ. Тура сол кезде тәуелсіздікке ұмтылған АҚШ Патшалық британиямен соғысып жатты. Маунт Вернондағы Джордж Вашингтон резиденциясындағы қойылым сол тарихтан сыр шертеді.

Ұрыс даласының бір жағында қызыл киімді британиялықтар мен немістің гессендік жалдамалы әскерлері, ал екінші жағында - патшаның езгісіне қарсы бас көтеріп, егемендікке ұмтылған америкалықтар мен оларға қолдау көрсеткен француздар. Дәл сол АҚШ әскерінің негізгі күші Британия отарында болған 13 штаттан шыққан халық жасағы құрайды. Әншейінде ымыраға келе бермейтін 13 өңірді бір тудың астына Джордж Вашингтон біріктіреді. Кейін даңқты қолбасшы АҚШ-тың алғашқы президенті болады. 

Том Магуайр, тарихшы:

- 19-шы ғасырдағы тарихшылар сол кездегі оқиғаларды сипаттағанда нақты дерексіз, осылай болған шығар деп, асыра сілтеп жазған кездер болған. Біз сол қателіктерді түзетіп, жұртқа  жағдай шын мәнінде қалай болғанын көрсеткіміз келеді. 

Жиналған жұрт тек қиян-кескі шайқасты ғана емес, майдан сыртындағы өмірді де тамашалай алды. Қойылым алаңында жүздеген шатыр тігілді. Бір қызығы, актерлер сол жерде өмір сүріп, 18 ғасырдағы аспаптармен тамақ пісіріп, дастарқан жайды. 

Халли Грэм, қойылымға қатысушы:

- Біз бұл жерде түскі шайдан кейінгі әйелдердің бас қосуын сомдап отырмыз. Мұны сол кезде адамдардың жиналып сергіп алатын орны десек те болады. Бүгін арақ бөшкесіне түсіп кетіп, мас болған аңдар мен одан жапа шеккен шаруаның жайын әңгімелесіп отырмыз. Міне, кішігірім газетіміз де бар. 

Майкл Лукас, қойылымға қатысушы:

- Бұл – сол кездегі сарбаздың бас киімі. Оны өз қолыммен жасадым. Ең қиыны астыңғы бөлігін табу болды. Қазір мұндайды ешкім шығармайды. Үстіңгі бөлігі – аюдың терісі. Ал қолымдағы қару Италияда жасалған. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік іс-шараны биыл 11 мыңнан аса адам келіп көрген. Олардың дені әсем қойылымды бала-шағасымен бірге тамашалаған отбасылар мен ұстаздарына еріп саяхаттап келген оқушылар. 

Анабель, оқушы:

- Бүгін осы оқиғаларға қатысты біраз сұраққа жауап алғандай болдым. Мысалы, сол замандағы жорықтарда жолды жұлдыздарға қарап анықтағанын білдім. 

Молли, оқушы:

- Қойылымдағы қарапайым адамдар мен әскерилердің киімін көріп, керемет әсер алдым. Сол заманда жүргендей күй кешеді екенсің. Сыныптастарыммен бірге келгенімізге қуаныштымын. 

АҚШ-тың тұңғыш президенті Вашингтоннан 30 шақырымдай жерде орналасқан нысанда өмірінің біраз жылын өткізген. Іс-шараның тарихшысы Том Магуайр «Джордж Вашингтон сынды тарихи тұлғаларды ұлықтауда тек ескерткіштер қоюмен шектелмей осындай қойылымдарды ұйымдастыру өте маңызды», - дейді. 

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz