RU
Толық нұсқаға өту

Адамзат соғыссыз да жойылып кетуі мүмкін

12.05.2026, 08:33 43

Адам баласы соғыссыз да жойылып кетуі мүмкін.

Бұл қаңғыған оқ, атом бомбасы немесе ашаршылықтан емес. Алдымен бір тілім нан, қара суға да жарымай отырғандар емес, дамыған озық жұрттар азаяды. Өйткені құрсақ көтеруден қашады. Осындай дамыған елдерде кәрі-құртаң одан қалды шаңырақта ит пен мысық көбейіп жатыр.  Бұл Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Еуропа мемелекеттері. Бұл елдерде жасалып жатқан келелі істердің жемісін келешек буын көрмей қалуы мүмкін деген алаңдаушылық та жоқ емес.

Демографиялық дағдарысты технология еңсере ме?

Қазір Қытай да адам тәріздес роботты қарқынды түрде көбейтіп жатыр. 2050 жылға қарай шығыстағы көршіміз мұндай құлтемірдің санын 300 миллионнан асырмақ. Себебі елде жыл сайын еңбек нарығынан миллиондаған адам кетеді. Салдарынан 2035 жылға дейін 60 жастан асқандар саны 400 миллионға жетуі мүмкін. Қытайдың роботтандыруға басымдық беріп жатқанының бір себебі де осы. Елде бала туу көрсеткіші де кейінгі жылдары едәуір төмендеген. Мәселен 2016 жылы 17 миллионнан астам сәби дүниеге келсе, 2023 жылғы көрсеткіш небәрі 9 миллионнан асады. Заманына қарай адамы демекші, Қытайдағы Z ұрпағы зауыттарда 12 сағат жұмыс істеуге құлықсыз. Оның орнына қызмет көрсету, IT немесе креативті салаларды таңдайды. Осы себепті зауыттарда жұмысшылардың жетіспеушілігі роботтар есебінен шешіліп жатыр.

Әлемде адам көбейгенімен ұлттар жойылады

Жалпы әлемде адам саны азайып жатқан жоқ. Қайта көбейіп келеді. Қазір 8 миллиардтан асса, 2050 жылы 10 миллиардқа жетуі ықтимал. Бірақ халық көбейгенмен, ұлттар, мемлекеттер жойылады. Біріккен ұлттар ұйымының болжамына сүйенсек, алдағы 20-30 жылда халқы ең жылдам азаятын елдердің тізімінде Болгария бірінші тұр. Бұл елдегі адам саны 20%-ға кемуі мүмкін. Негізгі себеп – жастардың Еуропаға қоныс аударуы. Сондай-ақ Латвия, Литва сынды Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік алғаннан бері халқының 25%-дан астамын жоғалтып үлгерді. Туу көрсеткішінің төмендеуі мен көші-қон мәселесі бұл елдерді демографиялық тығырыққа тіреді. Украинада қақтығыстар болса, Сербияда жастар шетелге кетуді көздейді. Оңтүстік Корея мен Жапониядағы жағдай белгілі. Ал Молдовада кедейлік пен жемқорлықтың әсерінен 4 жыл ішінде халқының 25%-ы азайып кеткен. Хорватияда 35 жылдан бері демографиялық дүмпу байқалады. Ал Қытай халқы 2100 жылға қарай екі есе азаюы мүмкін.  

1. БОЛГАРИЯ

2. ЛАТВИЯ 

3. ЛИТВА

4. УКРАИНА

5. СЕРБИЯ

6. ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

7. ЖАПОНИЯ

8. МОЛДОВА

9. ХОРВАТИЯ

10. ҚЫТАЙ

Дереккөз: БҰҰ, FERTILITY RATE BY COUNTRY FROM 1950 - 2026 

Әрине демография мәселесі дамыған елдер үшін өткір тұр. Бұл үшін жыл сайын қыруар ақша бөледі. Бірақ болашақта алдымен озық мемлекетердің жойылатыны қоғамның ащы шындығы.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz