RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда демографиялық дағдарыс күшейіп келеді

12.05.2026, 09:00 39

Түркияның да демографиялық ахуалы нашар.

Кейінгі жылдары мұнда да туу көрсеткіші төмендеп, халықтың қартаю үдерісі күшейе түскен. Мәселені тежеу үшін билік түрлі әлеуметтік бастамаларды қолға ала бастады. Соның бірі «неке несиесі» бағдарламасы. Жоба аясында жас отбасыларға пайызсыз несие беріп, қаржылай қолдау көрсетеді. Бірақ сарапшылар мұндай шаралар мәселені түбегейлі шеше алмайдыі, дейді. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркияда жастар отау құрып, бала сүюге асықпайды. Соның салдарынан халықтың қартаю үдерісі күшейіп барады. Мәселенің алдын алу үшін билік 2 жыл бұрын неке несиесі бағдарламасын іске қосқан. Жаңа өзгеріс бойынша енді екінші балалы болған отбасылардың қарызы толық кешіріледі.

Пайызсыз несиені алуға әркімнің-ақ бар таласы. Бірақ талапқа сәйкес, қаржылай қолдау отбасын құруға ниетті 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға ғана беріледі. Бастапқыда 150 мың лира, біздіңше, шамамен 1 жарым млн теңге көлемінде беріген несие кейін ұлғайтылған. Соған қарамастан аймақта туу көрсеткіші әлі де мәз емес.

Мұстафа Кемал Жошкун, әлеуметтік ғылымдар доценті:

- Елімізде туу көрсеткішінің төмендеуіне урбанизация, экономикалық қиындықтар және әйелдердің еңбек нарығына белсенді араласуы әсер етеді. Қалада өмір сүру құнының жоғары болуы да жастардың бала сүюді кейінге қалдыруына себеп болып отыр. Сондықтан жастарға «бала туыңдар» деп үндеу тастаудан бұрын нақты әрі тұрақты әлеуметтік қолдау тетіктерін қалыптастыру қажет.

Демографиялық дағдарысты тежеу үшін Түркия билігі алдағы он жылды «отбасы және халық» кезеңі деп жариялады. Соған сәйкес, өткен айда декреттік демалыс мерзімін 16 аптадан 24 аптаға дейін ұзартты. Енді екінші бала дүниеге әкелген жас отбасыларға қарызын толық кешіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Дегенмен тұрғындар арасында бұл бастамаға қатысты пікір әртүрлі.

БЛИЦ

- Елімізде туу көрсеткіші өте төмен. Мойнымызда қарызымыз болған соң отбасын құруға асықпаймыз. Несиені алғанмен баланы асырау әлдеқайда қымбат.

- Мен былтыр үйленбей тұрып, қайтарымсыз несие алуға өтінім бергенмін. Бірақ мақұлданбады. Шарты жеңіл болса, көп адам қатысар еді. 

Сарапшылардың айтуынша, қаржылай қолдау демографиялық өсімді ынталандыруы мүмкін. Алайда мәселені толық шешу үшін тек несие жеңілдіктері жеткіліксіз. Өйткені туу көрсеткішін өмір сүру құнының өсуі мен елдегі экономикалық жағдай да тежеп отыр. Сол себепті мамандар мәселені кешенді әлеуметтік саясат арқылы еңсеруге болады дейді.

Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz