Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди халықты бір жылға алтын сатып алмауға шақырды.
Айтуынша, бұл қадам мемлекеттің валюталық резервін қорғау үшін қажет. Үкімет басшысының үндеуінен соң елде зергерлік компаниялардың акциялары күрт құлдырады. Енді осы саланың арқасында күнелтіп отырған зергерлер қайтпек?
Үндістан жыл сайын 800 тоннаға дейін бағалы металл тұтынады. Елде кен орындары болмағандықтан алтын сатып алуға жыл сайын 40–60 миллиард доллар қаржы жұмсалады. Импорт көлемі бойынша бұл тауар тек мұнайға ғана жол беріп отыр.
Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі:
- Шаңырақта қанша той мен мереке атап өтілетініне қарамастан мемлекеттің мүдделеріне сай, біз бір жыл бойы алтын мен алтыннан жасалған бұйымдарды сатып алудан бас тартуымыз керек. Бұл ұлттық валютаны сақтап қалу үшін қажет. Отансүйгіштігімізді осылай дәлелдей аламыз.
Алайда зергерлік бұйымдар саудасымен айналысатын дүкендер мен қолөнершілер бұл жаңалыққа қуана қоймағаны анық.
Кумар Джайн, зергерлік дүкен иесі:
- Бұл шешім зергерлерге ауыр тиеді. Үндістанда 30 миллионға жуық зергер бар. Олардың кәсібі қазірдің өзінде қиындықтарға тап болып жатыр. Әсіресе, алмас өңдеу саласында жағдай қиын. Күнкөріс қиындаған сайын, олар Мумбаидан өз қалаларына жаппай көшіп жатыр.
Премьер-министр Нарендра Моди сондай-ақ жанармай үнемдеуге, қашықтан жұмыс істеуге және саяхаттауды шектеуге шақырды. Ирандағы соғыс Үндістанның төлем теңгерімі мен рупий бағамына қысымды күшейтті.
Найнеш Паччигар, бағалы металдар және зергерлік бұйымдарды өндірушілер қауымдастығының Гуджарат штаты бойынша президенті:
- Премьер-Министрдің үндеуі Парсы шығанағы елдеріндегі геосаяси шиеленіске негізделген. Аймақтағы жағдай ушыққан сайын, оның тікелей әсері біздің елде де, басқа елдерде де сезіледі. Сондықтан Премьер-Министрдің өтініші орынды, бірақ сонымен бірге Үкімет осы салаға тәуелді шағын қолөнершілер мен жұмысшыларға қолдау көрсетуі керек.
Үндістанда алтынға сұраныс жоғары. Әсіресе үйлену тойларда алтын әшекейлер қалыңдық киімінің маңызды бөлігі саналады әрі сыйлық ретінде жиі ұсынылады. Morgan Stanley инвестициялық банкінің мәліметтеріне қарағанда елдегі қарапайым тұрғындардың қолында 3,8 трлн доллар көлемінде алтын бар. Бұл ЖІӨ-нің 89 пайызына тең.
Тегтер #Үндістан #доллар #алтын #Нарендра Моди #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz