Анкарада көрнекті ақын, ойшыл әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың 90 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өтті.
Рухани басқосуда қаламгердің әдеби мұрасы, түркі дүниесіне қосқан өлшеусіз үлесі мен азаматтық ұстанымы сөз болды. Көрме аясында сирек архивтік суреттері қойылып, «Невада-Семей» қозғалысының тарихи маңызы сөз болды. Мазмұнды шараны ұйымдастыруға Түрксой халықаралық ұйымы ұйытқы болғды.
Тауды аласартпай, даланы асқақтату. Тағылымды шараның атауы кездейсоқ таңдалмаған. Бұл Олжас Сүлейменовтың тұтас дүниетанымы мен өркениет туралы көзқарасын айқындайтын философиялық тұжырым. Ақын бұл арқылы шығыс пен батыс, түрлі мәдениеттер арасындағы рухани үндестік пен тепе-теңдікті дәріптейді. Осы идея аясында өткен мазмұнды басқосуда зиялы қауым қаламгердің әдеби мұрасы һәм түркі дүниесіне қосқан өлшеусіз еңбегін жан-жақты талқылады.
Решиде Йүксел, Әділет және даму партиясы түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:
- Олжас Сүлейменов шығармашылығында дала жай географиялық ұғым емес, рухтың, тарихи жадының және өркениеттің символы. Сол арқылы ол адам мен табиғаттың, тарих пен бүгіннің байланысын терең зерделейді. Ақынның ең маңызды еңбектерінің бірі Аз и Я. Бұл шығарма түркі және славян әлемдерінің тарихи-мәдени байланысын жаңа қырынан қарастырып, тіл мен тарихқа қатысты батыл ғылыми тұжырымдарымен ерекшеленді.
Бижан Қалмағанбетов, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
- Біз бала кезімізде Олжас ағамыздың өлеңдерін оқып өстік. Мысалы, сонау 60-жылдары дүниеге келген «Арғымақ» деген өлеңінде жалпы ағамыздың еркіндікті аңсау, далаға деген кеңдігі, іңкәрлігі, осының брін өлеңінде баяндайды. Міне жалпы түркітілдес елдердің де өздерінің еркін далада тыныстап жүруі, бостандықты аңсауы тегін емес.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бұл көрме көрерменді ұлы ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің шығармашылық әлеміне жетелейтін ерекше кеңістік. Мұнда ақынның тарихи фотосуреттері мен портреттері ұсынылған. Көрменің ерекше бөлігі сирек кадрлар. Солардың ішінде Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтің тарихи кездесуі бар. Бұл тек екі тұлғаның жүздесуі емес, тұтас бір дәуірдің тынысы, рухани байланыстың көрінісі.
Қарымды қаламгердің түркі және әлемдік әдебиетінде өзіндік орны бар. Өз дәуірінің зиялыларымен шығармашылық байланыс орнатқан ақын бірқатар ортақ әдеби жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Соның бірі Шөмішбай Сариевпен бірге француз тілінде жарық көрген «Дала желі» әдеби жинағы. Бұл еңбек қазақ поэзиясын халықаралық деңгейде танытып, ұлттық әдебиетті әлемдік кеңістікке паш етті.
Жұмагүл Сариева, Ш.Сариевтің зайыбы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Ағамыз Парижде тұрды ғой дипломат болып, сол кезде «Көктем лебі» деген өздерінің, жазушылар одағының проектісі бар екен. Сонымен олар сол жылды Қазақстанға арнады. Мына кітаптың аты «Дала желі». Олжас Омарович, сол кездегі бірінші секретарь жазушылар Одағының Нұрлан Оразалин, Шөмішбай Сариевке арнады. Француз тілінде шықты осы кітап.
Сүлейменов есімі тек әдебиетпен ғана емес, елдік мүдде жолындағы азаматтық ұстанымымен де тығыз байланысты. Оның бастамасымен құрылған «Невада-Семей» қозғалысы ядролық сынақтарға қарсы жаһандық үн көтерген тарихи оқиғаға айналды. Биыл сол сынақтың жабылғанына 35 жыл толып отыр. Бұл дата қайраткердің мерейтойымен тұспа-тұс келуімен де маңызды.
Мерей Қарт, ақын, Абай облыстық әмбебап кітапханасының директоры:
- Бұл бүкіл әлемді тек қана қазақ елін ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген ауыр сынақтың басында осындай тұлғалардың тұруы бұл Олжастың тек қана ақындығы емес, азаматтық позициясы. Биыл сол сынақтың жабылғанына 35 жыл өтті. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Қазір сол сынақ болған жерге қаншама жаңарып, жасыл шөп шықты. Ел түледі деген сияқты дүниелер жасалып жатыр.
Анкара төрінде өткен тағылымды шара Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасын ғана емес, азаматтық келбеті мен рухани биігін де жаңа қырынан танытты. Мерейтой аясында Түркия Жазушылар Одағы ғимаратының ішінен Олжас Сүлейменов шығармашылығына арналған оқу залы ашылмақ.
Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #Олжас Сүлейменов #Анкара #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz