RU
Толық нұсқаға өту

Вашингтонда алғашқы AI+ Expo көрмесі өтті

12.05.2026, 13:46 44

«Қазақстанның басты ерекшілігі тез бейімделуінде.

Алып аумақты алып жатқан, табиғи ресурстарға бай ел жасанды интеллект саласындағы маңызды ойыншы болары анық».  АҚШ астанасында алғаш рет өткен AI+ Expo (Эй Ай плюс Экспо) көрмесінде шетелдік сарапшылар Қазақстанға осындай баға берді. Мыңдаған адам мейман болған шара аясында 160-тан аса компания өз жобаларын таныстырып, халықаралық деңгейдегі 200-ден астам панельдік сессия ұйымдастырылды. Жиында Қазақстан цифрландыру саласындағы реформалар жайлы тәжірибесімен бөлісті.

Бір жерде роботтар қонақ күтіп, кофе ұсынып жатса, енді бір жерде кішігірім ансамбль болып музыкалық аспаптарда ойнап тұр. Бұл Вашингтонда алғаш рет өтіп жатқан AI+ Expo көрмесінің бір бөлігі ғана. Робототехника, жасанды интеллект, қорғаныс технологиялары, киберқауіпсіздік, дата орталықтар мен энергетика саласындағы АҚШ-тың алдыңғы қатарлы компаниялары өз өнімдерін дүйім жұртқа ұсынды. Тіпті ел алдында дрондардың жарысын өткізіп, АҚШ қарулы күштерінің өкілдері топ-топқа бөлініп, кім мықтыны анықтады. 

Крис Томас, дрондар жарысын ұйымдастырушы:

- Бүгінгі көрмеде толықтай жасанды интеллект көмегімен ұшатын дрондар ерекше көзге түсті. Орнатылған жүйе шағын дронға еш ауырлық етпейді. Және дронның өзі ұшып бара жатып, кездесетін кедергілерге соғылмай өздігінен бағдарын үйреніп алатындай етіп жасалған. Осылайша жарыс жолында ерекше ұшу шеберлігін көрсете алады.

Келушілер толғандырған сұрақтарына жауапты осында ұсынылған су жаңа кітаптардан, арнайы ұйымдастырылған сарапшылар жиынынан да тауып жатты. Болашақ тұрақтылығы форумы атты панельдік сессияда Қазақстанның әлеуеті таныстырылды. Елші Мағжан Ілиясов еліміздегі жасанды интеллект пен цифрландыру салаларындағы реформаларға тоқталып, әлемдік тізбектегі маңызды роліміз жайлы  баяндама жасады. Шетелдік сарапшылар оң бағасын беріп, ресми Астана жаһандық бәсекеде салмақты ойыншы екендігіне сенім білдірді.

Спенсер Кимбалл, Cockroach Labs компаниясының бас атқарушы директоры:

- Қазақстан табиғи ресурстарға бай, Еуропаға энергия жеткізетін ірі елдердің бірі. Қазір жасанды интеллект дәуірінде ең маңызды ресурс — қуат көзі. Алып аумақ дата-орталықтар салуға да қолайлы. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект пен нейрожелілерді үйретуде аса маңызды құрал саналатын графикалық процессорлар қуатына сұраныс өте жоғары. Бір құрылғыға бірнеше жоба кезекте тұр. Сондықтан бұл нарық әлі де қарқынды өседі. Табиғи ресурсы мол,  Қазақстан болашақтағы есептеу инфрақұрылымын қамтамасыз ететін маңызды орталықтардың біріне айнала алады.

Фиона Хилл, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрінің кеңесшісі, стратег:

- Қазақстанды Бразилия секілді елдермен бірге қарастырсақ, сирек металдар өндірісінде Қытаймен тең түсетін деңгейге жете алады. Мұндай әлеует жасанды интеллект саласында да бар. Орта державалардың басты артықшылығы — икемділігінде. Олар қалыптасқан саяси шектеулерге тәуелді емес, сондықтан өзгеріске тез бейімделе алады. Қазір Батыс елдері мұндай мемлекеттерге тек инвестициялық серіктес ретінде емес, халықаралық тұрақтылық пен дипломатиядағы маңызды күш ретінде де қарай бастады.

Қазақстанмен қатар Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Корея, Қытай, Үндістан сынды елдер де жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін көрме қонақтарына ұсынды. Озық технологиямен бәсекелесудің және  оны тиімді қолдана білудің тәсілдері сөз болды. Тіпті жұмыс іздегендерге осы саладағы компаниялар арнайы шеберлік сағатын өткізді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Вашингтонның мұндай шараны өткізуі бекер емес. Жасанды интеллекттегі кім мықтыны анықтау АҚШ-Қытай арасындағы жалпы бәсекенің жеңімпазын біржола шешуі мүмкін. Сарапшылар осылай деді. Оған қоса Дональд Трамп 14-15 мамырда Бейжіңге сапар шегеді. Яғни жарыс та қыза түспек. 

Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz