RU
Толық нұсқаға өту

ТМҰ-да Қазақстанның ықпалы артып келеді

13.05.2026, 10:00 48

Қазақстанның түркі мемлекеттері ұйымындағы ықпалы жыл өткен сайын артып келеді.

Еліміз түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған байыпты бастамалар ұсынып, ұйымның жан-жақты дамуына елеулі үлес қосып отыр. Ал 15 мамырда Түркістанда өтетін бейресми саммит, түркі әлемінің жаңа технологиялық кезеңге қадам басатын маңызды белесі болады. Сарапшылардың пікірі бұл. 

Осыдан тура 17 жыл бұрын туыстас елдерді бір арнаға тоғыстырған түркі мемлекеттері ұйымының негізі қаланды. Алғашында құрылым Түркі кеңесі деп аталса, 2021 жылы Ыстамбұл саммитінде түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді. Қазақстан бұл бастаманы алғаш көтерген елдердің бірі әрі ұйымның негізін қалаушы мемлекеттердің қатарында.

Түркі ынтымақтастығы 2009 жылдан бері тұрақты түрде мемлекет басшылары деңгейінде саммиттер өткізіп келеді. Осы уақыт аралығында барлығы 12 ресми басқосу ұйымдастырылды. 2015 және 2023 жылдары Астанада өткен жиындар ұйымның институционалдық дамуына серпін берді. 2015 жылғы кездесуде көлік дәліздерін дамыту мен мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері көтерілсе, 2023 жылы экономикалық интеграция, инвестициялық жобалар және ортақ нарық қалыптастыру бастамалары талқыланды. Бүгінде ұйымға мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 1,5 трлн доллардан асып, халық саны 180 миллионға жуықтады. Оның ішінде Астананың экономикалық үлесі 300 млрд доллардан асады.

ТМҰ-ға мүше елдердің ЖІӨ – $1,5 трлн

Қазақстан ЖІӨ -  $300 млрд

Халық саны – 180 млн

Қазақстан халқының саны – 20 547 909

Фырат Пурташ, түрколог ғалым:

- Орталық Азия аймағындағы өңірлік көшбасшы саналатын Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап түркі әлемінің тұтастығын нығайтуға айрықша мән беріп келеді. 1993 жылы Алматыда TÜRKSOY құрылып, түркі интеграциясының алғашқы іргесі қаланды. Кейін Қазақстан тоқыраған саммиттерге қайта серпін беріп, 2006 жылғы Анталия кездесуінің жандануына бастамашы болды. Ал 2009 жылғы Нахчыван декларациясы бүгінгі Түркі мемлекеттері ұйымының құрылуына жол ашты. Осылайша, Қазақстан түркі бірлігінің ұйытқысына айналды.

Сарапшылардың пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымының ықпалы әсіресе, кейінгі жылдары күшейе түсті. Қазір ұйым аясында сауда көлемін арттыру, көлік дәліздерін кеңейту және цифрлық технологияларды бірлесіп дамыту мәселелері күн тәртібіне шыққан. Еліміз бұл бағытта бірқатар маңызды ұсыныстарды көтеріп жүр. Астананың бастамасымен экономикалық ынтымақтастықты күшейтуді көздейтін түркі инвестициялық қоры құрылды. Ортақ әліпби, цифрлық даму, білім мен ғылым саласындағы ықпалдастық – Қазақстан ұсынған стратегиялық бағыттардың бірі.

Фырат Пурташ, түрколог ғалым:

- Қазақстан түркі әлемінің рухани және зияткерлік тұтастығын нығайту жолында бірқатар маңызды бастама көтерді. Соның бірі – Астанада іргесі қаланған Халықаралық Түркі академиясы. Бүгінде бұл мекеме түркі өркениетін зерттейтін беделді ғылыми орталыққа айналды. Ел технологиялық жаңашылдықтарға да ерекше көңіл бөліп келеді. 15 мамырда Түркістанда өтетін бейресми саммиттің негізгі тақырыбы ретінде жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияның таңдалуы – соның дәлелі.

Ал ұйымның келесі маңызды кезеңі Түркістанда өтетін бейресми басқосуда айқындалмақ. Жиында мемлекет басшылары жасанды интеллект, цифрлық даму және аймақтық экономикалық байланыстарды күшейту мәселелерін талқылайды. Сарапшылардың айтуынша, саммиттің түркі елдерінің рухани орталығы Түркістанда өтуінің тарихи мәні терең.

Мұса Қазым Арыджан, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры:

- Жаңа дәуірдің негізгі бағыты – жасанды интеллект пен цифрландыру. Осы бағыттар түркі әлемі ынтымақтастығын күшейту үшін өте маңызды. Түркістанда бұл мәселелердің талқылануы саммиттің ерекше мәнін көрсетеді. Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанның тығыз ынтымақтастығы Астанадағы кездесуден кейін Түркістанда жалғасуы – маңызды тарихи үдеріс. Бұл бастама түркі әлемінің ортақ жаңа дәуіріне жол ашатын қадам деп есептеймін.

Сарапшылар Түркі мемлекеттері ұйымының алдағы уақытта экономикалық және саяси ықпалы күшейе түседі деген пікірде. Ал ұйымның қозғаушы күші саналатын Астана түркі интеграциясын дамыту бағытындағы бастамаларын үздіксіз жалғастыра бермек.

Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz