Криптонарық саласында биткоинның бағасы мың құбылып, инвесторлардың назарын қайта аударды.
Бағаның құбылуына саудадағы тұрақсыздық әсер етсе керек. Қазір бір биткоинның құны 80 мың доллар. Теңгеге шаққанда 41 миллиондай. Кей елдер криптовалютаны тұрақсыз актив деп есептейді, ал кейбірі оны қаржы жүйесіне бейімдеуде. Әлемдік криптонарықтағы өзгерістер нені көрсетеді?
Әлемде цифрлы валюта нарығында тұрақсыздық күшейді. Әсіресе биткоин бағасы қысқа уақыт ішінде бірнеше рет өзгеріп, нарықтағы құбылмалылықты көрсетті. Сарапшылар мұны геосаяси шиеленіс, инфляция және АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешімдермен байланыстырады. Инвесторлардың сақтық танытуы да криптонарықтың өзгеруіне ықпал етіп отыр. Соған қарамастан цифрлық активтерге деген қызығушылық төмендеген жоқ. Көптеген ірі компаниялар мен инвестициялық қорлар криптовалютаны балама қаржы құралы ретінде қарастыруды жалғастырып келеді.
Әлем елдері криптотөлемді дамытып жатыр
БАӘ
Біріккен Араб Әмірліктері криптовалютаны дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Әсіресе Дубай қазір әлемдегі ең ірі криптоорталықтардың біріне айналуға ұмтылуда. Мұнда криптовалютамен қонақүй, мейрамхана және кей дүкендерде төлем жасауға болады. Ел билігі криптобиржалар мен блокчейн жобаларына арналған арнайы лицензиялау жүйесін енгізген. Сарапшылардың пікірінше, бұл БАӘ-ге халықаралық инвесторларды тартуға көмектесіп отыр.
ЖАПОНИЯ
Жапония криптовалютаны заңды түрде мойындаған алғашқы ірі мемлекеттердің бірі. Елде биткоин арқылы дүкендерде, мейрамханаларда және онлайн қызметтерде төлем жасауға болады. Сондай-ақ Жапонияда криптовалюта нарығы қатаң бақыланады. Барлық криптобиржа арнайы тіркеуден өтіп, мемлекет талабына сай жұмыс істеуі тиіс.
АҚШ
АҚШ-та да бірқатар компания Биткоин арқылы төлем қабылдайды. Кейбір мейрамхана, онлайн сервис және технологиялық компаниялар цифрлық активтерді ресми төлем тәсілі ретінде пайдаланып отыр. Сонымен қатар америкалық ірі инвестициялық қорлар криптовалюта нарығына миллиардтаған доллар инвестиция сала бастады. Сарапшылардың пікірінше, криптовалюта алдағы жылдары халықаралық төлем нарығының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.
Тегтер #криптонарық #криптовалюта #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz