RU
Толық нұсқаға өту

Түйе адамзатты жаһандық жылудан құтқарады

14.05.2026, 10:25 55

Шұбатты тәуір көретін біз ғана емес. Жаһандық түйе сүті индустриясының айналымы алдағы 4 жылда 24 миллиард АҚШ долларынан асуы мүмкін. 

Бұл көрсеткіш 2 жыл бұрын 14 миллиард көлемінде еді. Жалпы өтімдісі – сиыр сүті. Жер жүзіндегі ақтың 80 пайызы Зеңгі баба тұқымына тиесілі.

Алайда кейін де климат өзгерісі ірі қараға жайсыз тиіп тұр. Қоңырсалқын Еуропаның өзінде өлім-жітім көп, сосын климаттың әсерінен сүтті аз беретін болған. Соған қарағанда жер бетінде күн ыси берсе, Ойсылқара тұқымын көбейтетін түріміз бар ма қалай?! Осы тұста ғалымдар түйе сүтінің пайдасын тереңнен зерттеуге көшкен. 

Жаһандық жылудан адамзатты түйе құтқарады. Британиялық экологтар осындай пікірде. Әдетте Африка, араб жерлерінде, Моңғолия, Қазақстанды мекендейтін түлікке АҚШ, Қытай, еуропалықтардың қызығушылығы артып келеді. Мамандар болашақта түйелер сиырларды толықтай ығыстырып шығаратынына сенімді. Тек экологиялық жағынан ғана емес, сиыр сүтіне қарағанда сапалырақ сүт береді. Құрамы майлы әрі дәрумендерге бай. Түйенің ас қорыту жүйесі өзгеше құрылған. Олардың асқазанындағы бактериялар метаболизм үдерісінде метанды өте аз мөлшерде бөледі. «Бұл – жаһандық жылумен күресте түйенің ең үлкен артықшылығы», - дейді мамандар. 

Дина Селигсон, зерттеуші:

- Түйе сүті – бұл жай ғана сусын емес, табиғаттың бізге берген ең кемелді дәріханасы. Климат өзгерген сайын, сиыр сүтіне тәуелділікті азайтып, төзімдірек әрі пайдалырақ баламаларды іздеуіміз керек. Түйе сүті құрамы жағынан өте пайдалы әрі болашақта таптырмас тағам түріне айналары сөзсіз.

Еуропа қара малға жайсыз болып барады

Аптап ыстықтан кейінгі 2-3 жылда әлемнің түкпір-түкпірінде сиырлар қырылып жатыр. Әсіресе Еуропада. Франция мен Испанияда қаталап өлген мал саны 30%-ға артқан. 10 мың сиырдың қырылуы фермерлер үшін қып-қызыл шығын. Тірі қалған қара малдың өзі бұзаулай алмай қалады немесе сүт бермеуі мүмкін. Жалпы Зеңгі баба тұқымы физиологиялық тұрғыдан суыққа төзімді. Алайда ыстыққа әлсіз. Өйткені тер шығара алмайды. Денесін аузымен демалу арқылы салқындатады. Егер түнде температура + 21°C-тан төмен түспесе, сиырдың күндіз жинаған қызуы сыртқа шықпайды. Мұндай жағдай 3-4 күн қайталанса, жануардың ағзасы шыдамайды. Сөйтіп өнімділік 15-30%-ға кемиді. Өйткені мал ыстықта суды көп ішіп, жемді аз жейді және аз қозғалады. Сондықтан сүт беруі де азаяды. Ал түйе + 50°C ыстыққа дейін шыдайды. Тіпті 10-14 күн бойы сусыз жүре береді. Ал сиыр 1-2 күннен артық су ішпесе күні қараң. Түйенің дене температурасы ортаға қарай өзгереді, яғни климаттың кез келген түріне бейім. 

Африка түйенің арқасында күнелтіп отыр  

Ойсылқара тұқымы түгел Африка жұртын асырап отыр. Әлемде 19 миллион түйе болса, соның 14,5 миллионы Африкада. Бір ғана Сомалиде 7 миллион, Суданда 3,3 миллион бас бар. Сомалидегі жұрт түйе шаруашылығын дамытып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Әр түйе күніне 10 литр сүт береді. Сосын оны өңдеп, йогурт өндірісін жолға қойғандар бар. Мамандардың айтуына қарағанда, түйе сүтінде сиырға қарағанда қант аз. Бұл лактозаны көтере алмайтын адамдарға жақсы. Сондай-ақ С дәрумені, темір және цинк мөлшері жоғары. Өнімдегі магний мен кальций сүйекті нығайтса, пробиотиктер ішек саулығына пайдалы. Өнімділіктің екі есе артуы ветеринарлық қызметке, сапалы жемге және заманауи сауу әдістеріне салынған инвестициялардың нәтижесі. Түйелерді үнемі мал дәрігерлері тексеріп, оларға арнайы тағамдық қоспалар беріледі. Тіпті мұны үкімет те қолдап, сүт өнеркәсібі туралы заң қабылдаған. 

Яхье Шолле, диетолог:

- Түйе сүтінен жасалған йогурт әлемде сирек кездеседі. Оның пайдалы тұсы өте көп. Сүйектің саулығын нығайтатын магний мен кальцийге бай. Сонымен қатар оның құрамында B12, C және D дәрумендері бар. Бұған қоса, өнім ішек жұмысына оң әсер ететін пробиотиктер деп аталатын пайдалы бактерияларға ие. 

Эспрессо, американо, капучино тізе берсек, кофенің түрі көп. Жақында бұл тізімге Камельчино қосылса таң қалмаңыз. Болашақта түйе сүті қосылған бұл кофе түрі капучиноның орнын басатын түрі бар. Қазірде бұл сусын бірқатар елде танымал.

Лактозаны көтере алмайтын жандар көбіне сиыр сүтінен бас тартады. Осы тұста түйе сүтіне болашақта сұраныс артуы әбден мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz