Араб әмірліктерінде табиғи інжу-маржан саудасы қайта жанданып келеді. Теңіз түбінен шығарылатын бағалы бұйым қазір қымбат әшекей санатына енген.
Сирек кездесетін өнімге сұраныстың өскені соншалық, оны шетелден аттай қалап алдыратындар бар. Бұл іске бір есептен мемлекет те баса көңіл бөле бастады. Өйткені ұлттық құндылық ретінде дәріптелетін кәсіп кейінгі кезде сырттан көп саяхатшы тартуға сеп болып отыр.
Бұл - араб жеріндегі тереңнен тамыр тартқан інжу-маржан шаруашылығы. Мұндағы жұрт мұнай өндірісіне дейін мыңдаған жылдар бойы осы кәсіппен айналысқан. Ауырлығы сонша, інжу үшін су түбіне сүңгитіндердің көбі ұзақ жасамаған. Қазір бұл шаруа арабтардың негізгі күнкөріс көзі емес. Бірақ өткенді бүгінмен байланыстырып тұрған мәдени мұра. Абу Даби, Дубай және Шарджа әмірліктері теңіз түбінен ауланған бағалы бұйымдар көрмесін жыл сайын кең ауқымда ұйымдастырады. Ебін тауып, байырғы кәсіпті заманауи бизнеске айналдырғандар бар. Теңіз маңында ашылған арнайы фермаларда олар күн сайын су астына сүңгіп, інжу-маржан тереді. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша әуелі әндетіп, терең тыныстап алады.Теңіз тұңғиына еш қорқынышсыз түсуге көмектесетін жаттығудың рухани мәні де зор. Ол ең алдымен сүңгуірді көбірек қабыршақ теруге ынталандырып, қосымша күш береді.
Халифа Әлхамади, қолөнер шебері:
- Інжу кәсібінің тарихы терең. Шамамен 7000 жыл бұрын басталған. Бұл - сол кездің өзінде-ақ осы жерді мекендеген адамдар тыныс-тіршілігін теңізбен байланыстырған дегенді білдіреді. Суға сүңгу – ең ауыр әрі қауіпті жұмыс болған. Осы іспен айналысқандар таң атқаннан кешке дейін теңізде жүрген. Олар су түбіне арнайы құралдар мен арқанды пайдаланып түсіп, ұзақ уақыт тыныс алмай сүңгіген.
Табиғи бұйым өндірісінде ерлермен қатар, әйелдер де маңызды рөл атқарады. Өйткені кез келген ұлу қабыршағында көзге көрінетін асыл тастар бола бермейді. Оны табу, еш зақым келтірмей алып шығу қыз-келіншектерге тән зергерлік дәлдікті қажет етеді. Жалпы бұл бизнес бұрын әмірлік арабтарының негізгі табыс көзі болған. Кейін мұнай кеніштері табылған соң су түбінен маржан сүзу ұмыт қалды.
Самира Әлгаиш, Шарджа мұражайының қызметкері:
- Бұл - ата-бабаларымыздан қалған құнды мұра. Олардың сол кездегі ауыр еңбегі мен өмір салты бізді таң қалдырады. Қазір елімізде табиғи інжу өндірісі азайғанымен, бір бөлігін сақтап отырмыз. Мұны көрген жас ұрпақ өткенімізді қадірлейді. Туристер де қызығып, асыл тастарды қымбат болғанына қарамастан сатып алып жатады.
Қазір әлемде інжу-маржан жасанды жолмен де өндіріледі. Нарықта сан алуан түрі бар. Бірақ табиғи теңіз өніміне сұраныс әлі де жоғары. Тіпті қымбат әшекейлерге қажетті шикізат санатына енген. Осыны ескерген әмірлік араға жылдар салып байырғы кәсібіне оралып, жаңа қырынан жаңғыртуға кірісті. Қолөнер шеберлері мен сүңгуірлерді қолдап, зергерлік әрі туристік саланың бір бөлшегі ретінде дамытуға мән беріп жатыр.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Дубай #кәсіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz