Еуропа елдері балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты талаптарды күшейтіп жатыр.
Әсіресе жасанды интеллект арқылы жасалатын заңсыз контент пен әлеуметтік желілердің балаларға ықпалы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Осыған байланысты бірқатар мемлекет кәмелетке толмағандардың платформаларды пайдалануына шектеу енгізу қарастырылған.
Еуропада балаларға қатысты заңсыз контенттің таралуы алаңдаушылық тудырып отыр. Осыған байланысты Францияда Илон Маскқа тиесілі X платформасына қарсы тергеу басталды. Билік әлеуметтік желі жасанды интеллект арқылы жасалған тыйым салынған материалдардың таралуына жеткілікті тосқауыл қоймаған деп есептейді. Еуропаның өзге елдерінде де осыған ұқсас істер тіркеліп, шектеулер енгізіле бастады. Мәселен, Нидерланд соты Илон Маск компаниясына адамдардың келісімінсіз олардың бейнесін жасауға тыйым салды. Ал талап орындалмаған жағдайда компанияға күніне 100 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Кэрри Смит, Internet Watch Foundation ұйымының негізін қалаушысы:
- Қазір балаларға қатысты заңсыз контенттің таралуы алаңдатады. Әсіресе жасанды интеллект арқылы жасалатын материалдардың көбеюі мәселені күрделендіріп жіберді. Көп жағдайда мұндай контент шынайы балалардың суреттері негізінде әзірленеді.
Өткен жылдың өзінде нейрожелілер арқылы балаларға қатысты 8 мыңнан астам заңсыз материал дайындалғаны анықталды. Сарапшылар мұндай контенттердің көбеюін жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуымен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, нейрожелілер оларды жасауды бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеткен.
Франческа Пизану, Eurochild ұйымының балалар құқығын қорғау жөніндегі маманы:
- Балалардың қауіпсіздігін қорғау Еуроодақтың басты басымдықтарының бірі. Қазірдің өзінде цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікке қатысты маңызды заңдар қабылданған. Соның ішінде жеке деректерді қорғау және цифрлық қызметтер туралы заңдар бар.
Франция 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізуді қарастырып жатыр. Мұндай бастаманы Дания да қолдап отыр. Осыған байланысты Еуроодақта қолданушының жасын ресми құжат арқылы растайтын арнайы жүйе әзірленді. Жаңа құрал жеке мәліметтерді жарияламай-ақ жасты тексеруге мүмкіндік береді. Еурокомиссия бұл шара балалардың қауіпсіздігін күшейтеді деп отыр.
Тегтер #Еуроодақ #әлеуметтік желі #24KZ #жасанды интеллект жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz