RU
Толық нұсқаға өту

Парсы шығанағы елдерінің экономикасы баяулады

19.05.2026, 08:20 51

Мұнайдың үстінде отырған, қисапсыз байлыққа ие мемлекеттер де қысыла бастады. Парсы Шығанағындағы елдердің экономикасы дағдарыстың аз ақ алдында тұр.

Әсіресе Қатар экономикасы биыл 8,6 пайызға дейін құлдырауы мүмкін. Ормуз бұғазындағы шиелініске байланысты Халықаралық валюта қоры осындай болжам жасады. Таяу Шығыстағы ахуал аймақтан қара алтын импорттайтын елдердің де экономикасын шайқалтып, тығырықтан шығудың жолын қарастыруға мәжбүр.

Қатар экономикасы дағдарысқа тап болды

Әлемдегі ең бай мемлекет Қатардың экономикасы тығырыққа тірелді. Негізгі табыс көзі мұнай-газ тасымалынан болғандықтан, Ормуз бұғазындағы жағдай елдің сыртқы саудасына едәуір салмақ салды. Әсіресе газ өнеркәсібі күтпеген жағдайға тап болды. Бұл ел жаһандық сұйытылған табиғи газ экспортының шамамен 20%-ын қамтамасыз етеді. 2024 жылы шет мемлекеттерге 125,7 млрд текше метр газ экспорттаған. Алайда биыл наурызда ең ірі Рас-Лаффан кешеніндегі  инфрақұрылымдар шабуылға ұшырап, экспорт 17%-ға азайды. Соның салдарынан энергетикалық дағдарыс күшейді. Ал газ Қатар үшін  - мемлекеттің іргетасы іспетті.  Дәл осы шикізаттан түскен байлық Доханы сәулеті мен келбеті жарасқан ең көрікті астанаға айналдырған еді. Ал қазір бұл ел 2 айдан бері бірде бір кемесін сыртқа шығара алмай отыр.  

Шейх Мұхаммед Бин Абдулрахмен Әл-Тани, Қатар Премьер-министрі және Сыртқы істер министрі:

- Иран Ормуз бұғазын қару ретінде немесе бопсалау мақсатында қолданбауы керек. Бұл халықаралық теңіз жолы. Белгілі бір деңгейде күзетіледі және қорғалады. Қазір бұғазда болып жатқан олқылықтар алдағы уақытта қайталанбауы тиіс.

Парсы шығанағы елдерінің экономикасы баяулады

Халықаралық валюта қорының дерегіне сүйенсек, өткен айда экономикалық өсім Қатарда -14,7%, Кувейтте -4,2%, Бахрейнде -3,8%, БАӘ-де -1,9%, Сауд Арабиясында -1,4% және Оманда -0,05%-ға құлдырады. АҚШ пен Иран арасындағы соғыс салдарынан араб елдеріндегі 80-нен астам энегетикалық нысанға зақым келген. Жалпы шығын көлемін Халықаралық энергетикалық агенттік 58 миллиард АҚШ доллар деп бағалады. 

Қатар                     -14,7%,

Кувейт                  -4,2%

Бахрейн                -3,8%

БАӘ                         -1,9%

Сауд Арабиясы  -1,4%

Оман                      -0,05%

Дереккөз: Халықаралық валюта қоры 

Ақпан айында соғыс басталғалы бері Дүниежүзілік банк өңірдің осы жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжамын 4,4%-дан тек 1,3%-ға дейін төмендетті. Ал Oxford Economics, Парсы шығанағындағы кейбір елдер жылдың екінші жартысында рецессияға ұшырайды деп болжайды. Дегенмен қазір соғыстың аймаққа тигізген салдары әртүрлі екенін байқаймыз. Қатар мен Кувейт Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылуына байланысты мұнай мен газ экспортында үлкен қиындыққа тап болды. Ал Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері бұл шектеуді ішінара айналып өте алады. Мысалға Сауд Арабиясы өзінің Шығыс-Батыс құбыры арқылы күніне 7 миллион баррель шикі мұнайды қайта бағыттап отыр. Бұл оған мұнайды Қызыл теңіздегі Янбу портынан экспорттауға мүмкіндік береді. Біріккен Араб Әмірліктері Оман шығанағынан күніне 1,8 миллион баррельге дейін мұнай экспорттау үшін Хабшаннан Фуджейраға тартылған құбырды пайдаланып отыр. 

The Conversation басылымы: 

- «Сауд Арабиясының мемлекеттік Saudi Aramco мұнай компаниясы 2026 жылдың бірінші жартысында табыстың 26%-ға өскенін хабарлады. Ұзақмерзімді перспективада соғыстың Парсы шығанағы елдерінің экономикасына тигізетін салдары оның ұзақтығы мен саяси нәтижесіне байланысты болады. Қазір Парсы шығанағындағы кейбір елдердің мемлекеттік қарызы өсіп, қаржылай қиындықтар туындаған».

Израиль экономикасы тұралап тұр

Тек араб елдері емес, Израильде де экономикалық түйткілдер көбейген. Бұл елдің Жалпы ішкі өнімі биыл бірінші жартыжылдықта 3,3%-ға төмендеді. Өйткені елдегі кәсіпорындардың жұмысын тоқтатқанына бір айдан асты. Сондай-ақ 100 мыңнан астам ер мен әйел әскерге шақырылған. Мектептер де жұмыс істемейді. Десе де Израиль Орталық банкі мен Қаржы министрлігі биыл экономикалық өсім 3,8%-ға жетеді деп болжап отыр.

Таяу Шығыстан тауар импорты азайды 

Ал Таяу Шығыстан мұнай, газ және басқа да тауарларды импорттап отырған әлем елдері де не істерін білмей дал. Азия мен Еуропа елдері тығырықтан шығу үшін қазір сұйытылған газды АҚШ, Аустралия, Алжир және Нигериядан жеткізуді көздеп отыр. Ал мұнай бойынша Батыс Африка, Латын Америкасына сұраныс ауды. Сондай-ақ, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропа елдері нарықтағы дүрбелең мен бағаның шарықтауын басу үшін өз мұнайының стратегиялық қорларын пайдалануға мәжбүр.

Бұл дағдарыс импорттаушы елдер үшін де үлкен сабақ болды. Қазір бірқатар ел қазба байлықтарға тәуелділікті түпкілікті жою үшін жаңартылатын энергия көздеріне және ядролық энергетикаға жасалатын инвестицияларды еселеп арттырып жатыр. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz