RU
Толық нұсқаға өту

Сан-Диегода мешітте атыс болып, 3 адам мерт болды

19.05.2026, 09:00 60

АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы мешітте атыс болып, үш адам мерт болды. Құрбандардың бірі – мешіт күзетшісі.

Жергілікті полицияның мәліметінше, қарулы шабуылды 17 және 19 жастағы екі жасөспірім жасаған. Кейін олардың мәйіттері көлік ішінен табылған. Алдын ала дерек бойынша екеуі де өз-өзіне қол жұмсаған. Оқиға жергілікті уақытпен түске таман Сан-Диего округіндегі ең ірі ислам орталығында болған. Сол сәтте мешіт жанындағы күндізгі мектепте балалар болған, олардың барлығы дер кезінде аман-есен эвакуацияланған. Құзырлы органдар бұл істі «діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс» ретінде тергеп жатыр. Іске Федералды тергеу бюросы да тартылды. Ел президенті Дональд Трамп қанды шабуылды «қорқынышты жағдай» деп сипаттады. Қала полициясының басшысы Скотт Уолдың айтуынша, қаза тапқан күзетші бұдан да ауыр қырғынның алдын алып қалған болуы мүмкін.

Скотт Уол, Сан-Диего қаласы полициясының басшысы:

- Жергілікті уақытпен шамамен сағат 11:43-те ислам орталығында белсенді қарулы шабуылшы жүргені туралы хабарлама түсті. Төрт минут ішінде полиция қызметкерлері оқиға орнына жетіп, ғимарат алдында үш адамның мерт болғанын анықтады. Қаза тапқандардың бірі – сол жерде жұмыс істеген күзетші. Меніңше, ол жағдайдың бұдан да ауыр болуына жол бермей, маңызды рөл атқарды. Осыдан кейін тәртіп сақшылары мешіт пен оған жапсарлас орналасқан мектеп ғимаратына арнайы операция тәртібімен кірді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер өздеріне оқ атып, қаза тапқан.

Таха Хассане, Сан-Диегодағы Ислам орталығының имамы:

- Бұл – біздің қауым үшін қайғы мен қасіретке толы сәт. Мұндай трагедияны бұрын-соңды бастан өткермеген едік. Құлшылық орындарын нысанаға алу – ақылға сыймайтын әрекет. Осы орталық – құлшылық қылып, білім алып, мерекелерді тойлайтын қасиетті орын болатын.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz