Америка мен Жапонияға елімізден тікелей рейс ашылмақ. Бұл бастама алдағы 2 жылдың шаруасы болғалы тұр. Тіпті Токиоға тікелей бағыт осы жылдың аяғында-ақ іске қосылуы мүмкін.
Бұл туралы бүгін үкімет отырысында көлік министрі хабарлады. Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, елдің авиация саласында айтылар жаңалық көп. Шешімін табу тиіс түйткіл де аз емес сыңайлы.
Иә, Қазақстаннан Америкаға тікелей ұшу мәселесі соңғы жылдары жиі көтеріліп жүр. Әсіресе студенттер, кәсіпкерлер мен туристер үшін бұл бағыттың маңызы зор екені белгілі. Алайда бүгінде мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт ел мен біздің елдің арасында тікелей әуе рейстері жоқ. Бізден АҚШ-қа бару үшін жолаушылар міндетті түрде транзиттік бағыттарды пайдаланады. Бұл уақытты ұзартып, сапардағы адамды қажытып жіберетіні анық. Көптің көкейіндегі бұл келеңсіздік келер жылы нақты шешіледы. 2027 жылдың екінші тоқсанында тікелей әуе рейсі ашылады. Жаңа ғана баяндама жасаған Нұрлан Сауранбаев осылай деп сендірді. Ақпарынша, қазірдің өзінде бұл бағытта шаруа ширақ көрінеді.
Бұдан бөлек, биыл Қазақстандық авиакомпаниялардың жолаушылар ағыны төрт айда 4 млн адамнан асқан. Бүгінгі таңда Қазақстан әуежайларының авиациялық қауіпсіздік деңгейі – 95,7%, ал авиакомпаниялардың қауіпсіздік деңгейі – 82%. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі қалаларында әуежайлар салынуда, сондай-ақ Арқалық әуе айлағы қалпына келтірілуде. Еліміздің әуе кемелерінің паркі осы жылы 9 ұшақпен толықтырылады. Тағы бір қуантарлық жәйт отандық және шетелдік авиакомпаниялар Қазақстанның халықаралық бағыттарын көбейтуге құлықты. Биыл бірнеше жаңа халықаралық бағыттарды ашу жалғасады. Қазірдің өзінде 4 жаңа рейс жұмысын бастады. Бұл қатарда Алматы–Шанхай, Астана–Ереван, Атырау–Ташкент.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #АҚШ #Жапония #рейсPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz