RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан биологиялық қауіпсіздікті күшейтуде

19.05.2026, 15:30 452

Қазақстан Парижде басталған Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 93-ші Бас сессиясына қатысуда.

Халықаралық жиынның Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар – биологиялық қауіпсіздік пен жануарлардың трансшекаралық ауруларымен күрес.

Ұйымға мүше 182 елдің делегаттары биоқауіпсіздік қатерлеріне қарсы күрес жолдарын талқылауға Париждің  Ля-Дефанс іскерлік ауданында жиналды. Басты тақырып - трансшекаралық аурулардың таралуы мен ветеринария саласына қаражат құю мәселелері. Қазақстан атынан сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздің ветеринарлық саланы жаңғырту бағытындағы тәжірибесін таныстырды. Қазір бұл салада 15 мыңнан астам маман еңбек етіп, 168 заманауи зертхана мен екі мыңнан астам ветеринарлық станция жұмыс істеп тұр. Аймақтағы ғылыми-диагностикалық базаны дамытуға ерекше назар аударылуда. Осыған байланысты, Қазақстанның қолайлы эпизоотиялық ахуалды сақтау  бағытындағы жұмысына ұйымның бас директоры екіжақты кездесу барысында оң бағасын берді. Эммануэль Субейран Қазақстанның ветеринарлық жүйені жетілдіру және халықаралық стандарттарды енгізу бағытындағы үлесін ерекше атап өтті.

Эммануэль Субейран, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының бас директоры:

- Өте нәтижелі кездесу өткіздік. Күйіс қайыратын ұсақ жануарлар обасы, бруцеллез аурулары бойынша зертханалық зерттеулер мен ғылыми-диагностикалық ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Қазақстанның ветеринарлық қызметті жаңғыртуға және  Дүниежүзілік ұйымды белсенді қолдауға қосып отырған үлесін ерекше атап өткім келеді.

Бүгінде Қазақстан ет өнімдерін әлемнің 12 еліне экспорттайды. Бұл – халықаралық қауіпсіздік стандарттарын жүйелі түрде сақтаудың нәтижесі. Енді сессия алаңында еліміз тағы бір маңызды мақсат -   аусыл аурудан таза аймақ мәртебесін алуға қол жеткізуді көздеп отыр.  Бұл шешім соңғы сессия барысында ұйымға мүше елдердің дауыс беруі арқылы қабылданады.

Айдарбек Сапаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

- Бұл жерде бұлардың ұйымдары бүкіл ветеринария саласының жұмыстарын бақылайды. Екіншіден, ауруларға қарсы жұмыстарын жүргізеді. Соның ішінде енді аурулардан таза аймақ мәртебесін алу үшін, бұлар шешім қабылдайды. Сондықтан біздің келіп отырғанымыз, осы ауысыл ауруының шешімін алуға, таза аймақ деген, соған біз бір-екі жылдар бойы бұлардың берген ұсыныстарымен жұмыс жасадық. Бүгінгі нәтижені жеткізіп, есепті бердік, Ұйым бәрін қарастырды. Енді 182 мемлекеттің алдында дауысқа салады.

Сессия аясында министр Франциялық әріптесі Анни Женевармен  кездесті. Қазақстан мен Франция арасында аграрлық салада тұрақты әріптестік қалыптасқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік өнім айналымы 2 пайызға өсіп, 100 миллион доллардан асты. Қазақстан Францияға соя бұршақтарын, күнбағыс майын, эфир майларын экспорттайды. Болашақта жылқы еті мен бал жеткізу жоспарланып отыр. Кері бағытта инвестициялар тартылуда: француздық Lactalis пен Danone компаниялары елімізде қайта өңдеу саласын жаңғырту бойынша ірі жобаларды іске асыруда. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен декларация мен екі елдің министрліктері арасындағы ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойды.

Анни Женевар, Францияның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі министрі:

- Бұған дейін Франция мен Қазақстан Президенттері  серіктестікті стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтерген. Бұл ауыл шаруашылығы саласында да сезілуде.  Екі ел арасында жануарлар генетикасы, зертханалық зерттеулер, селекция бағыттары бойынша көптеген келісімдер мен меморандумдар бар. Ал бүгінгі келісімдер осы байланыстарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін.

Бас сессия аясындағы  дөңгелек үстелде Айдарбек Сапаров 30 елдің аграрлық ведомство басшылары алдында Қазақстанның ұстанымын таныстырды. Жануарлар денсаулығы бүгінде тек ауыл шаруашылығына ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігіне, халықаралық саудаға тікелей әсер ететін жағдайда Қазақстан басқа елдерді күш біріктіріп, тәжірибе алмасуға шақырды. 

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz