Күн ысыса құрт-құмырсқа, қоңыз қаптайды.
Сақтанбаса салдары ауыр. Өйткені жаздың күні жәндіктер түрлі ауру тасымалдайды. Соның бірі Лайм ауруы. Оны боррелиоз деп те атайды. Кененің шағуынан болатын жұқпалы инфекция. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының дерегіне сүйенсек, жедел жәрдемге апта сайын жүгінетіндердің қарасы артқан. Өткен айда 114 адамда ауру белгілері анықталды. Бұл кейінгі 9 жылдағы жоғары көрсеткіш дейді мамандар. Ал жыл сайын 31 миллион америкалықты кене шағады. Соның 476 мыңдайы Лайм ауруынан емделеді. Уақытылы ем-шара жасалмаса, орталық жүйке жүйесінің зақымдануына, жүрек соғысының бұзылуына және артритке әкеп соқтыруы мүмкін. Тіпті аурудан адам өліп кетуі де ықтимал.
Дженни Хайд, Техас Университетінің патогенез және иммунология кафедрасының доценті:
- Бастапқыда тұмауға ұқсас жеңіл белгілер ғана байқалуы мүмкін. Бірнеше күн өткен соң, шаққан орын бөртіп, ауру асқынады. Егер инфекцияны дер кезінде емдемесе, кардит, нейропаралич сияқты ауруларға шалдығады. Сондай-ақ, есте сақтау қабілеті нашарлайды. АҚШ-та бұл ауру көбіне артритке әкеледі. Сіңірлер мен буындарды зақымдап, қатты қабыну мен жайсыздық тудырады.
Лайм ауруына қарсы арнайы екпе жоқ. Алғашқы вакцина келер жылы қолданысқа енуі мүмкін. Қазір оны Америка мен Францияның фармацевтикалық компаниялары бірлесе әзірлеп жатыр. ЯТЫҢ Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы мақұлдауы тиіс. Ал әзірге науқастар тек антиобиотиктердің күшімен ғана емделіп жүр.
Құс тұмауы жиіледі
Күннің ысуы былай тұрсын Арктикадағы ақ аюларға дейін вирус жұқтырып жатыр. Шпицбергенде ақ аюдың өлексесінен құс тұмауы анықталды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Вирус осыған дейін тек құс, түлкі және морждардан табылған. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымының мәліметі бойынша, былтыр қаңтар айынан бері 70-ке жуық елде 140 миллион жануар құс тұмауынан қырылып қалған. Тіпті құс тұмауының адамға жұғу жағдайлары да жиілеген. Таяуда Қытайда бір адам көз жұмды. АҚШ-та ірі қара мал мен ферма жұмысшыларына бақылау күшейтілген.
Оңтүстік Кореяда ит етін жеуге қатаң тыйым бар
Оңтүстік Корея келер жылға дейін ит етінен толық бас тартуға ниетті. Бұл бастама осыдан 2 жыл бұрын заң жүзінде бекітілген. Қазір елде ит етін өңдеп, сататын фермалар жаппай жабылып жатыр. 1265 компания өз қызметін тоқтатты. Дегенмен 272-сі әлі де жұмыс істеп тұр. Бұл ел осыған дейін тағамға қосу үшін жылына 1 жарым миллион ит соятын. Ал елдегі қатаң шаралар үй жануарына деген көзқарасты өзгертуді көздейді. Бір жағынан құс тұмауының адамға жұғу қаупінің алдын алады.
АҚШ-та сиыр сүтін ішіп, ауырғандар көп
Кейінгі 5 жылда АҚШ-та 2 мыңнан аса адам сиыр сүтінен уланып, түрлі ауру-сырқау көбейген. Әсіресе балалар арасында бүйрегі сыр бергендер көп. Науқастырдың дені шикі сүт тұтынған. Мамандар шикі сүт өнімдері пастеризацияланған сүтке қарағанда 840 есе көп ауру таратады, дейді. Мұндай өнім жүкті әйелдер, балалар, қарттар мен иммунитеті нашар жандар үшін өте қауіпті екенін ескертеді. Осындай қауіпке қарамастан, елде шикі сүтке деген сұраныс әлі де жоғары. Қазір АҚШ-тың 18 штатында шикі сүтті сатуды заңдастыру немесе жеңілдету бағытында 40-тан астам заң жобасы ұсынылған. Ғалымдар сүтті кем дегенде 71,7°C температурада қыздыру оның тағамдық құндылығын жоймай, қауіпті микробтарды өлтіретінін айтады. Өйткені шикі сүттің құрамында кампилобактер, листерия, сальмонелла және ішек таяқшасы жиі кездеседі.
Адамдарға қарағанда, жануарлардың климат өзгерісне бейімделуі баяу жүреді. Түрлі ауру тарап жатқаны да осыдан.
Тегтер #шартарап #АҚШ #кенемен күрес #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz