Қытайда су тасқынынан 5 адам қаза тапты. 11 адам із-түссіз жоғалып кеткен.
Елдің оңтүстігінде болған табиғи апаттан мыңдаған адам баспанасыз қалды. Қазір су басып қалған аймақтарда төтенше жағдай жарияланып, құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Қытайдың оңтүстігін тасқын су басты. Әсіресе 4 провинциясында жағдай қиын. Өзен-көлдер тасып қала, ауыл, елді мекендер су астында қалды. Ауыз су, жарық, байланыс үзілген. Елді мекендерге кірген қызыл судың тереңдігі 1,5 метрге дейін жеткен. Халық жаппай эвакуацияланып жатыр.
Тан Юньли, Көлік басқармасының директоры:
- Тау ішіндегі елдімекендердің халқын эвакуациялау қиынға соғып жатыр. Себеп лай көшкіні автомагистральдарды басып қалған. Жолдарды ашып, тазарту үшін әлі 4 сағат уақыт керек. Жұмыс күндіз түні жүріп жатыр. Кейбір ауылдарға өзен, көлдердің деңгейі түскен соң ғана өте аламыз.
Апат бірнеше күннен бері толассыз жауған нөсер салдарынан болды. Тасқын су лап қойып тұрғындар құрсауда қалды. Сарқырап аққан су авто және мото көліктерді шайып кетті. Қытайдың су тасқыны және құрғақшылықпен күрес жөніндегі мемлекеттік штабы бұл биылғы ең ауқымды және қауіпті тасқын деп мәлімдеді. Ел билігі Хубэй, Хунань, Гуанси және Гуйчжоу провинцияларында төтенше жағдай жариялады. Әсіресе Гуйчжоу аймағы қатты зардап шекті. 5 адам қаза тапты. 11 адам әлі табылмай жатыр.
Лу Юйчэнь, Шангао қалалық даму басқармасының қызметкері:
- Әр көшеде 20 адамнан жұмыс істеп жатыр. Олар әр үйді аралап, жапа шеккен тұрғындарға жәрдем береді. Сонымен қатар үй жануарлары да арнайы қайықтармен шығарылады. Қазір су басқан аудандарда тәулік бойы кезекшілік қойылған. Баспанасыз қалғандарды уақытша жылжымалы баспаналарға орналастырып жатырмыз.
Ауыл шаруашылығы алқаптарын су шайып шаруалар мен кәсіпкерлер қыруар шығынға батты. Көлемі белгісіз. Ал геологиялық апат салдарын жоюға 4 миллион АҚШ доллары жұмсалады. Оқиға орнында ұлттық комиссия жұмыс істеп жатыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #су тасқыны #Қытай #табиғи апатPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz