Әлемде алкогольге сұраныс азайды. 2019-2025 жылдар аралығында көрсеткіш 2 пайызға төмендеген.
Бұл алкокоголді нарық бойынша арнайы есеп жүргізіп отырған IWSR халықаралық компанияның дерегі. Ақпарды Bloomberg-те растайды. Мұның бір себебі былтыр бірқатар мемлекет арнаулы заң қабылдап, арақ-шарап сатуды шектеген.
Арақ-шарап сатып, көл-көсір пайда тауып отырған компаниялар да банкротқа ұшырауы ықтимал. Өйткені жұрттың алькоголге көзқарасы өзгеріп барады. Статистикаға сүйенсек, тұтыну көрсеткіші Қытайда 6%-ға азайған. Өйткені үкімет ысырыпшалдыққа қарсы. Ресми жиындарда ішімдікке тыйым салынған. Соның салдарынан дәстүрлі алкогольді сусын бай-цзю өндірушілері шығынға ұшырады. Былтыр осы сусынды өндіруші компанияның бірінде сауда 42%-ға төмендеген. Шығыстағы көршімізден бөлек, АҚШ пен Еуропа сияқты табысы жоғары нарықтарда да жағдай осылай. Мысалға Францияда кейінгі 6 жылда көрсеткіш 3%-ға кеміген. Мұнда тіпті қаңтар айында ішімдіктен толық бас тарту науқаны өтеді. Оған миллиондаған адам қатысып, ағзаны тазартуды әдетке айналдырған. Сосын ел бойынша алкоголь өнімдерін жарнамалауға тыйым салынған.
Мартен Лодевейкс, IWSR алкогольды сусындар нарығы жөніндегі сараптамалық компанияның директоры:
- Алкогольді сусын ішетін адамдардың жалпы санында өзгеріс жоқ. Бірақ біз адамдардың ішімдікті сирек ішетінін және ішкен күннің өзінде аз мөлшерде тұтынатынын байқап отырмыз. Әрі қазір саналы түрде шектеу үдерісі де қалыптасқан. Бұл адамдардың өзі үшін оң өзгерістер. Бұдан тек алкогольді сусын өндіріп, оны сатып отырған компаниялардың табысы азаяды.
ДДСҰ: Алкогольді сусынның құрамы қауіпті
«Алкогольдің құрамында бірде бір қауіпсіз зат жоқ». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі осындай. Ұйым Еуропадағы онкологиялық аурулардың көбеюі де арақ-шарапты шектен тыс тұтынудан деп есептейді. 2020 жылы спиртті ішімдіктердің әсерінен 111 мыңнан аса адам қатерлі ісікке шалдыққан. Ғылыми тұрғыда алкоголь – токсинді, психоактивті зат. Қатерлі ісіктің кем дегенде 7 түрін, соның ішінде ең көп таралған тоқ ішек обыры мен сүт безі қатерлі ісігіне себепкер. Мұны Халықаралық обырды зерттеу агенттігі 1-топтағы канцерогенді заттар қатарына жатқызады. Бұл тізімде темекі, асбест, радиация сияқты заттар да бар.
Карина Феррейра-Борж, ДДСҰ Еуропалық жұқпалы емес аурулар бөлімінің атқарушы жетекшісі:
- Алкогольді сусынның қандай да бір қауіпсіз тұстары бар деп айту мүмкін емес. Адамның бұл сусынды қандай мөлшерде тұтынатыны маңызды емес. Өйткені денсаулыққа төнетін қауіп кез келген алкогольді сусынның алғашқы тамшысынан-ақ келеді. Әрі алкоголь мен қатерлі ісік арасындағы байланыс ғылыми тұрғыда дәлелденгеніне қарамастан, бұған бей-жай қарайтындар көп.
Фитнеске баратындар көбейді
Арақ-шараптың қаупін айттық. Бірақ әлем одан түпкілікті бас тартқан жоқ. Десек те қоғам салауатты өмір салтына бет бұра бастады. Әлемдік фитнес нарығы бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке ие. Қазірде бұл нарықтың жалпы құны шамамен 96,7 миллиард АҚШ долларынан асады. Жылына орташа есеппен 7.5% - 8% қарқынмен өсіп отыр. Нарықтың 40%-ы спортзалдар мен фитнес клубтардың үлесінде. Қазір әлем бойынша 200 мыңнан астам фитнес клуб бар. Олардың жаһандық табысы 110 миллиард АҚШ доллары көлемінде. Бұл салаға серпін беріп отырған Z буын ұрпақтары. 14-27 жас аралығындағы жастардың арасында уақытын фитнес клубтарда өткізу сәнге айналған.
Фитнес пен салауатты өмір салтын ұстану қазірде жай ғана хобби емес, жаһандық деңгейдегі ең ірі қаржылық секторға айналған. Қазірде бұл сала бойынша әлемдік экономиканың көлемі 6,8 триллион долларға жетті. Бұл жоғары көрсеткіш. Алдағы 2 жылда 2 есе артуы мүмкін.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ішімдік #банкрот #көрсеткішPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz