RU
Толық нұсқаға өту

Бакуде Дүниежүзілік қалалар форумының XIII сессиясы өтіп жатыр

22.05.2026, 17:26 42

Әзербайжан астанасы Бакуде Дүниежүзілік қалалар форумының 13-сессиясы өтіп жатыр.

Ауқымды жиынға әлемнің 182 елінен 40 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдірген. Биыл форумға сарапшылар, сәулетшілер, урбанистика мамандары мен халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр. Басқосуда тұрақты урбанизация, тұрғын үй мәселесі, климат өзгерісіне бейімделу және болашақ қалаларды дамыту тақырыптары талқыға түсті.

Көлік кептелісі, ауаның ластануы, халық санының артуы мен инфрақұрылымға түсетін салмақ бүгінде көптеген елге ортақ түйткіл. Осы мәселелер  Бакуде өтіп жатқан Дүниежүзілік урбанистикалық форумда талқылануда. World Urban Forum 2001 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен құрылған. Форум жедел урбанизацияның қоғамға, экономикаға, климатқа және қалалардың дамуына әсерін талқылауға арналған. Алғашқы жиын 2002 жылы Кения астанасы Найробиде өтті.

Эльдар Расулов, WUF13 медиа және контент бойынша бас менеджері:

- Бұл Форум ең ауқымды жиындардың бірі. Мұнда сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері қалаларды болашақта қалай қауіпсіз әрі жайлы ету мәселесін бірге отырып талқылайды. 

Ауқымды жиыннан Қазақстан да шет қалған жоқ. Онда отандық урбанистика жобалары таныстырылып, халықаралық тәжірибені жергілікті жағдайға бейімдеу мәселесі талқылануда.

Бақтияр Бекенов, Астана қаласы урбанистика орталығының өкілі:

- Павильонда Астананың қазіргі және болашақ жобалары ұсынылған. Негізгі мақсатымыз тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қала қалыптастыру. Сондықтан халықаралық тәжірибені зерттеп, оны өз қаламыздың ерекшелігіне бейімдеуге көңіл бөліп келеміз.

Қазақстан павильонында қала кеңістігін дамыту, көлік инфрақұрылымы, қауіпсіздік және экология бағытындағы жобалар ұсынылды. Мамандардың айтуынша, әр қаланың өз ерекшелігі бар. Сондықтан халықаралық тәжірибені сол күйінде көшіру емес, оны жергілікті климатқа, тұрғындардың өмір салтына және қала құрылымына бейімдеу маңызды.

Динара Қуандыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz