«Тәуелсіздікке 35 жыл. Түркия-Қазақстан қатынастары».
Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған Астанаға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дәл осындай атаумен жарық көрген ғылыми еңбекті сыйға тартты. Президентке табысталған кітап бауырлас елмен байланыстың 35 жыл толуына орай ұсынылды. Қазақ және түрік тілінде жарық көрген академиялық еңбекте екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму эволюциясы баяндалады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Астанада өткен тұсаукесерде бұл кітап Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың тек дипломатиялық байланыстарын ғана емес, сонымен бірге экономикалық серіктестік, мәдени-гуманитарлық жобалар және түркі интеграциясы бағытындағы үдерістерді жан-жақты қамтитын ғылыми еңбек ретінде ұсынылды. Мұнда тәуелсіздік жылдарынан бергі екі елдің стратегиялық әріптестігі тарихи тұрғыдан жүйеленіп, қазіргі кезеңдегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қамтылған.
Академиялық кітаптың мемлекет басшыларының ресми кездесуі барысында таныстырылуы бекер емес. Бұл екі ел арасындағы берік сенім мен стратегиялық серіктестіктің символы. Түрік сарапшылары осылай деп бағалады. Олардың айтуынша, мұндай деңгейдегі іргелі еңбек түрік көшбасшысы Реджеп Тайип Ердоған тарапынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғаш рет табысталды. Сондықтан оның мазмұны терең, мән-маңызы жоғары. Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойы қарсаңында жасалған тарихи тарту.
Жемиле Кынажы Баран, Әділет және даму партиясы түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасы төрағасының орынбасары, түрколог:
- Қазақстан мен Түркия арасындағы 35 жылдық қарым-қатынасты қамтитын ғылыми-академиялық кітапта саясаттанушылар, халықаралық қатынастар мамандары, тілтанушылар, білім, мәдениет және тарих саласы зерттеушілерінің еңбектері жарияланды. Олардың барлығы да Қазақстан мен Түркия тақырыбын ұзақ жылдан бері зерттеп жүрген ғалымдар. Біз бұл еңбекте тек өткенді емес, болашақтағы стратегиялық серіктестіктің бағыттарын да көрсетуге тырыстық.
Кітапта Түркия мен Қазақстанды байланыстыратын түрлі перспективалық салалардың өткені мен бүгіні сараланған. Еңбектегі ерекше назар аударатын тақырыптардың бірі батыс пен шығысты тоғыстырған Орта дәліздің дамуы. Авторлар мұны жай ғана көлік бағыты емес, Еуразияны жалғайтын жаңа экономикалық алтын көпір ретінде сипаттайды. Дәліздің нығаюы Қазақстан мен Түркияны жақындатып қана қоймай, тұтас түркі әлемінің сауда, логистика һәм стратегиялық байланысын жаңа деңгейге шығаратын негізгі фактор ретінде бағалайды.
Фырат Пурташ, профессор, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
- Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда көлемі шамамен 10 млрд доллар деңгейінде. Мемлекет басшылары бұл көрсеткішті 15 млрд-қа жеткізу мақсатын қойған. Егер Орта дәлізге қатысты жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, бұл межеге қысқа уақытта жетуге болады. Қазақстан мұнайын Каспий арқылы Баку-Тбилиси-Жейхан жүйесіне қосып, Жерорта теңізіне шығару Қазақстан мұнайының халықаралық нарықтарға кеңінен шығуына жол ашады. Бұл тек екі ел арасындағы сауданы күшейтіп қана қоймай, халықаралық энергетикалық қауіпсіздікке де елеулі үлес қосады.
Еліміз егемендігін жариялаған тұста екі ел арасындағы байланыстар алдымен мәдени һәм әдеби бағытта қарқын алды. Сол кезеңде басталған ғылыми қызығушылық қазақ әдебиетінің түрік оқырманына кеңінен танылуына жол ашты. Алғашында Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеуден басталған ғылыми жұмыстар кейін кәсіби тәржімаға ұласып, қазақтың прозасы мен поэзиясын түрікше сөйлетті.
Жемиле Кынажы Баран, Әділет және даму партиясы түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасы төрағасының орынбасары, түрколог:
- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай Түркияда алғашқылардың бірі болып Алаш қайраткерлерінің мұрасы зерттеле бастады. Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы шығармашылығы докторлық деңгейде зерделенді. Кейін бұл ынтымақтастық аударма арқылы өте қарқынды дамыды. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы, Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожа» шығармасын да түрік тіліне аударып, оқырманға ұсындым. Бір ғана Еуразия жазушылар Одағының баспасынан «Қазақстан сериясымен» 80-нен астам кітап жарық көрген.
Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс тек 35 жылмен шектелмейді. Бауырлас елдердің қарым-қатынасының тарихи тамыры тереңде жатыр. Ал ғылыми жинақ тәуелсіздік жылдарындағы көп қырлы ынтымақтастықтың айқын дәлелі. Сарапшылардың сөзінше, бастама жалғасын тапса, сенімге негізделген серіктестік нығая түсері сөзсіз.
Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #Түркия #Қазақстан #кітап #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz