RU
Толық нұсқаға өту

Өзбекстанда үш мыңға жуық қазақ баласы мектеп бітірді

25.05.2026, 17:36 45

Биыл Өзбекстанда 472 мың оқушы түлек атанды.

Олардың 3 мыңға жуығы қазақ мектебін тәмамдап отыр. Қаракөздердің дені тарихи отандарына келіп, білімдерін шындап, маман иесі атануға ниетті. Қазір көрші елде 150 қазақ мектебі бар. Өзбекстандағы қазақ білім ордасындағы соңғы қоңырау рәсіміне меншікті тілшіміз қатысып қайтты.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Шыршық қаласындағы №17 қазақ мектебі шаһардағы беделді білім ордаларының бірі. Талай қаракөз түлеп ұшқан алтын ұя. Салтанатты шараға осы мектепті 50 жыл бұрын тәмамдаған түлектер келді. Білім ордасына сый сияпаттарын жасап, естеліктерін айтты.

Сәния Сейітбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мектеп бітірушілерге біз қазақ тілінде оқулықтар сыйладық. Біздің президентіміз үнемі айтып жүреді «әр қазақ менің жалғызым» деп. Бізде өзіміздің қазақ балаларына қазақ классиктерінің кітаптарын бердік.

Бүгін Өзбекстан бойынша 472 мың оқушы түлек атанды. Олардың 3 мыңға жуығы қазақ балалары. Жалпы жыл өткен сайын қаракөздердің саны азайып барады. Әлбетте бұл үрдіс мектептердің «аралас тілді» болуына әкеліп отыр-дейді мұндағылар.

Жәйрем Көшербаева, мектеп бітіруші:

- Мектепті аяқтау қиын екен. Көңілді түсіретін сезімдемін. Бұрын басқалар бітіріп жатқан кезде қатты уайымдамайтын едім. Қазір қатты уайымдап тұрмын. Болашақта Қазақстанға барып жоғарғы оқу орынына түскім келеді.

Жасмин Замантаева, мектеп бітіруші:

- Алдағы уақытта Қазақстанға барып, ЖОО-ға түсуді жоспарлап отырмын. Менің ниетім оқытушы болу. Және сол ниетке жетемін, бұйырса.

Түлектердің дені болашақтарын тарихи отандарымен байланыстырғысы келеді. Бұл ретте қазақ үкіметі оқуға ниеті бар қандастарға көп жеңілдік қарастырып отыр. Жоғарғы оқу орындарына емтихан тапсырмай, сұхбаттан өтіп оқуға түсу мүмкіндігі жасалған. 

Дулат Нуркин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz