Кей балаларға сөмке асынып, мектепке бару – арман. Африкада 100 миллион жасөспірім мектеп табалдырығын аттап баспаған.
Бұл туралы The Conversation журналы жазды. Кейінгі бірнеше онжылдықта «Қара құрлықтағы» бірқатар ел жалпыға бірдей негізгі білім беру саясатын жариялады. Алайда статистика мүлдем басқа. Мұндағы халық саны жоғары қарқынмен өсіп келеді. Жыл сайын 2,5%-ға артады. «Сондықтан білім беру жүйесі демографияның соңынан ілесе алмай жатыр», - дейді мамандар.
Кейінгі 25 жылдағы кешенді талдау нәтижелеріне сүйенсек, «Қара құрлықтағы» білім беру саласында жағдай біршама ілгерілеп, кейін қайтадан нашарлай бастағанын байқаймыз.
Мәселен, 2000 жылы бастауыш және орта мектептерге бармаған бала саны 100 млн-нан асты. 2014 жылға қарай көрсеткіш шамамен 90 млн-ға төмендеп, былтыр тағы 100 млнға дейін жетті. Кот-д’Ивуар, Эфиопия, Гвинея, Мадагаскар және Мозамбикте жағдай біршама тұрақты. Оған саяси реформалар мен кедей отбасыларға көрсетілетін көмек себеп. Ал Ангола, Кабо-Верде, Лесото, Оңтүстік Судан және Зимбабведегі ахуал көңіл көншітпейді.
Мозес Нгваре, профессор, Африка халықты зерттеу және денсаулық орталығының аға ғылыми қызметкері:
- Бірқатар елде білім беру құны тым жоғары екенін байқап отырмыз. Сондықтан Лесотода ер балалар отбасылық жағдайдың нашар болуына байланысты жаппай оқуларын тастап, мал бағуға мәжбүр. Салдарынан мұнда бес баланың біреуі ғана 12-ші сыныпқа дейін оқиды.
Сарапшылар мәселенің екі негізгі себебі бар дейді: қаржылық дағдарыс және субсидиялардың жетіспеушілігі. Тегін білім беру Африканың 42 елінің заңында бекітілген. Алайда өткен жылы олардың үшеуі ғана іс жүзінде балаларды ақысыз оқыта алды. Сондай-ақ халықаралық қаржыландырудың қысқаруы да жығылғанға жұдырық болғандай. 2024 жылы сырттан келетін көмек көлемі 7%-ға төмендеді. Covid-19 пандемиясының да әсері баршылық. Локдаун кезінде мектептен кеткен 10 миллионға жуық оқушы сол күйі білім ошағына қайтып оралмады.
Мұхаммед Белхосин, профессор, білім, ғылым, технологиялар және инновациялар мәселелері жөніндегі Африка одағының комиссары:
- Африкаға 2030 жылға қарай балаларды негізгі білім берумен толық қамтамасыз ету үшін шамамен 90 миллиард доллар қаржы қажет. Континент шұғыл түрде өзінің білім беру инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салып, 15 миллион оқытушыға жуықтаған кадр тапшылығын шешуге тиіс.
Білімсіздің күні қараң екені айтпаса да белгілі. Оқымаған балалардың еңбек қанауына, ерте жүктілік пен мәжбүрлі некеге тап болу қаупі жоғары. Жалпы әлем бойынша 273 миллион бала білім ала алмай, жоғалған ұрпаққа айналды. Өкініштісі, олардың саны жыл сайын көбеймесе, азаяр емес.
Авторы: Мөлдір Жақан
Тегтер #африкалық бала #мектеп #оқушыларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz