RU
Толық нұсқаға өту

Мамырдағы экстремалды ыстық

28.05.2026, 08:30 46

Францияда күн жанып тұр. Кей өңірде 37 градусқа дейін күн ысып, 13 департаментте қызғылт-сары деңгейдегі ескерту жарияланды.

Сөйтіп қоңырсалқын Еуропаңызда да жағдай қиындай бастады. Бұл жақта үйіне бұрын-соңды ауа-баптағыш орнатпағандар жетерлік.

Күнтізбелік жаз әлі басталмай жатып Францияда жаздың шіліңгір ыстығына тән температура тіркеліп, рекордтар жаңарып жатыр. Елдің батыс өңірлерінде ауа температурасы мамыр айындағы қалыпты деңгейден 12 градусқа көтерілді. Ал осыдан бір апта бұрын ғана толассыз жауын жауып, Парижде түнгі температура +11 градусқа дейін төмендеген еді. Мамандар мұндай күрт әрі шектен тыс ауа райы құбылыстары туралы көптен бері айтып келеді. Жақында жарияланған Коперник институтының баяндамасында Еуропа әлемде ең жылдам жылып жатқан құрлық ретінде аталып, алдағы уақытта аптап кезеңдері ертерек басталып, жиілей түсетіні айтылған.

Саманта Бёрджесс, Copernicus климатты бақылау қызметінің аға ғылыми қызметкері:

- 2025 жылы Еуропаның 95 пайыздан астам аумағында қалыпты деңгейден жоғары температура тіркелді. Құрлық әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жылдам жылып келеді. Егер қазіргі үрдіс сақталса, экстремалды ауа райы құбылыстары күшейіп, жиілеп және ұзағырақ жалғасады.

Әдетте ыстық елдер аптаптан кондиционер арқылы қорғануға үйренген. Ал Францияда басқаша.Оның бір себебі - қала құрылысының ерекшелігі: әсіресе Парижде көптеген ғимараттар тарихи қор санатына кіргендіктен, сыртқы қабырғасына блоктар орнату шектелген немесе ұзақ келісуді талап етеді. Сондай-ақ елдің энергетикалық талаптарына сәйкес, ғимарат ішіндегі температура 26 градустан аспайынша салқындату жүйесін қосуға болмайды. Жеңілдік тек әлеуметтік нысандарға қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, кондиционерлерді жаппай пайдалану электр энергиясына түсетін салмақты арттырып, қаланың температурасын шамамен тағы бір жарым градусқа көтереді. Сондықтан Франция билігі бірнеше жылдан бері аптапқа қарсы күресте табиғи жолмен бейімделуге басымдық береді. Қалаларда жасыл аймақтар көбейіп, салқын қоғамдық жерлер ашылып жатыр. Сонымен қатар Парижде әлемдегі ең ірі қоғамдық ауызсу нүктелерінің желісі орнатылған.

Игнасио, Чилиден келген турист:

- Көп адам бізге Парижде салқын әрі жаңбырлы болады деп айтқан еді. Мұндай ыстықты күтпедік. Бірақ серуендеп жүргенімізге қуаныштымыз. Суды көп ішіп, субұрқақтардың жанында салқындап жүрміз. Бөтелкеге ауызсу толтырып алуға болатыны жақсы.

Сесиль Клеман, Аргентинадан келген турист:

- Мен ыстықты жақсы көремін, біз үшін бұл үйреншікті жағдай. Парижде осындай ауызсу субұрқақтары жүйесі барын білмеппін. Мамыр айында мұндай ыстық болады деп күтпедік. Бірақ осыдан 9 жыл бұрын жазда мұнда бұдан да ыстық болған еді.

Аптап ыстық демалыс күндеріне дейін жалғасады. Сондықтан билік тұрғындарға көбірек су ішіп, күндіз терезелкерді  жауып, түнде желдетуге кеңес береді. Әсіресе балаларға, егде жастағыларға және ашық аспан астында еңбек ететін адамдарға ерекше сақ болу ұсынылған.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz