АҚШ-та бұрын-соңды болмаған ерекше спорттық шоуға дайындық басталды. Ақ үйдің оңтүстік көгалында UFC жекпе-жектеріне арналған алып арена салынып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
“UFC Freedom 250” деп аталатын тарихи турнир 14 маусымда — АҚШ президенті Дональд Трамптың туған күні өтпек. Ұйымдастырушылар жобаны жүзеге асыруға шамамен 60 миллион доллар жұмсалатынын мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, арнайы аренаға 4500 көрермен сыяды. Ал Ақ үй жанындағы Эллипс саябағына орнатылатын алып экрандар арқылы жекпе-жекті 100 мыңға жуық адам тамашалай алады.
“Мен көптеген ірі іс-шараларды көрдім. Бірақ Ақ үйдің дәл алдында өтетін UFC кешіндей қызығушылық тудырғанын көрмедім”, – деді АҚШ президенті.
Турнирде алты жекпе-жек ұйымдастырылады. Кештің басты айқастарының бірінде бразилиялық Алекс Перейра мен франциялық Сирил Ган уақытша чемпиондық белбеу үшін октагонға шығады. Ал жеңіл салмақта Илья Топурия мен Джастин Гейтджи кездеседі.
Айта кетейік, бұған дейін Ақ үй аумағында түрлі концерттер мен мерекелік шаралар өткен. Алайда UFC турнирі Ақ үй маңында өтетін алғашқы кәсіби спорттық шоу болмақ.
Сарапшылар бұл кеш UFC тарихындағы ең көп қаралған турнирлердің біріне айналуы мүмкін екенін айтып жатыр.
Тегтер #Ақ үй #Трамп #UFC #шоу #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz