RU
Толық нұсқаға өту

Ормуздың жабылуы АҚШ-қа пайда әкелді

29.05.2026, 08:54 82

Күніне 14 млн баррель мұнай тасымалы тоқтап қалды. Бұл – Иран Ормуз бұғазын жапқаннан кейінгі жағдай. 

Есепті Халықаралық энергетикалық агентігі жүргізген. Алайда мұндай сәтте де пайда тауып қалатындар бар. Мәселен, АҚШ пен Латын Америкасының біраз елі өндірісті арттырды. Өткен айда Құрама Штаттардың мұнай экспорты тіпті рекорд орнатты. Ал Ормуз «қақпасы» бірлі-жарым кеме болмаса, толық ашылар түрі көрінбейді. Иран әлемдік мұнай тасымалының күретамырын өзі басып отырғысы келеді. Олай болса, қара алтынның үстінде отырған Парсы шығанағы елдерінің жағдайы қалай болмақ? Сарапшылар не дейді? 

Қысқа күнде қырық құбылған қазіргі геосаяси жағдайда Таяу Шығыстан мұнай тасымалдау қиындап кетті. Дегенмен бұл мүмкіндікті құр жібермей, өндірісті арттырғандар бар. Ормуз бұғазының жабылуынан пайда көріп отырған елдің бірі – АҚШ. Өткен айда америкалық компаниялар күніне 6 млн 440 мың баррель қара алтын экспортады. Бұл – рекорд. Ирандағы соғысқа дейін Құрама Штаттар сыртқа күніне әрі кетсе 5 млн баррель шикі мұнай шығаратын. Сондай-ақ биыл Америка жаңа порттар салуға кірісті. Бразилия да қарап отырған жоқ. Теңізде 8 жаңа мұнай платформасын іске қосты. Белгіленген мерзімнен 5 ай бұрын Бузиос кен орнында қосымша ұңғымаларды пайдалануға берді. Нәтижесінде өткен айда бұл елдің мұнайдан кірісі 10 пайыз артқан. Сондай-ақ Гайана мен жылдар бойы экономикасы тұралаған Венесуэла да қара алтын экспортын көбейтті. Сарапшылар 2026 жылдың аяғында Солтүстік пен Оңтүстік Америка елдері күніне 30 млн баррель мұнай өндіреді деп топшылайды. Ал бұл Ирандағы соғысқа дейінгі OPEC елдерінің көрсеткішіне тең. Дегенмен Таяу Шығыста мұнай дәуірі аяқталды деуге әлі ерте. 

Ади Имсирович, Surrey Clean Energy компаниясының директоры, Оксфорд университетінің ғылыми қызметкері:

- Парсы шығанағындағы мұнайдың өзіндік құны арзан. Мәселен, Сауд Арабиясы мұнайының шығыны – барреліне 10 доллар. Бүкіл Таяу Шығысты алсақ, қара алтынның орташа өзіндік құны – 27 доллар. Ал АҚШ өндіретін шикізаттың 70 пайызы – тақтатас мұнайы. Мұның өзіндік құны барреліне 50 мен 65 доллар аралығында. Яғни мұнайдың арзандауы америкалық компаниялар үшін тиімсіз. Ал Сауд Арабиясы секілді елдер қара алтын барреліне 40 доллардан да саудаланса, өндірісті тоқтатпай, экспортты жалғастыра бере алады.

Таяу Шығыс географиялық тұрғыдан да ұтымды орналасқан аймақ. Нарықтың ірі тұтынушысы Үндістан мен Қытай үшін мұнайды Парсы шығанағынан тасымалдау әлдеқайда арзан. Бұдан бөлек, Азиядағы біраз елде зауыттар араб мұнайын өңдеуге бейімделіп салынған. Сондықтан Парсы шығанағы елдері әлемдік нарықтағы өз позициясын сақтап қалуға күш салып келеді. Мәселен, БАӘ мұнай тасымалдайтын қосымша құбыр салуға кірісті. Жаңа желі Абу Дабидің кен орындары мен Фуджейра портын жалғайды. Бұл – Әмірліктің OPEC құрамынан шыққаннан кейінгі алғашқы ірі энергетикалық шешімдерінің бірі. Құрылыс келер жылы аяқталуға тиіс. Сауд Арабиясы да Ормузды айналып, шығыс-батыс мұнай құбырын барынша пайдаланып жатыр. 

Иранның мұнай өндірісіне қауіп төнді 

Иранның мұнай өндірісіне қауіп төнді. Мұны британиялық The Conversation басылымы жазды. Осы айдың басында АҚШ теңіз күштері Иран порттарын қоршап, мұнай танкерлерін өткізбей қойды. Енді резервуарлары қара алтынға толып, бос қойма іздеуге кірісті. Әйтпесе, ұңғымаларды жабуға тура келеді. Ал тоқтаған өндірісті қайта іске қосу қыруар шығын.

Нима Шокри, Су, қоршаған орта және денсаулық сақтау институтының атқарушы директоры:

- Мұнайды қысым, температура және газ бен судың тепе-теңдігі ұстап тұрады. Ұңғыма жұмыс істеп тұрғанда қысым мұнайды жоғары қарай итереді. Егер өндіріс тоқтаса, жер астындағы тепе-теңдік бұзылады. Мәселен, қысым өзгергенде мұнай құрамындағы қою заттар қатып қалуы мүмкін. Олар құбырды және тау жыныстарындағы ұсақ тесіктерді бітеп тастайды. Мұны тазалау өте қымбат.

Яғни мұнай өндірісі қажет кезде қосып, көбейгенде тоқтата салатын сылдыр су емес. Егер Ормуздың «қақпасы» ашылмаса, мұның салдары мұнай бағасы ғана әсер етпейді. «Кен орындарындағы қара алтынның азаюына да әкеледі», - дейді мамандар. 

Қытай мұнайға сұранысты азайтты 

Қытай мұнайға сұранысты азайтты. Оксфорд университеті энергетикалық зерттеулер институтының дерегі бойынша, Ирандағы соғысқа дейін шығыстағы көршіміз күніне 11 млн баррель мұнай экспорттайтын. Өткен айда бұл көрсеткіш 9 млн баррельге дейін түскен. Алдағы 2 айда  Қытай қара алтын тұтынуды тағы азайтуы мүмкін. Алайда дәл қазір Бейжіңнің мұнайсыз қалам деп сасатындай жөні жоқ. Өйткені жиып қойған стратегиялық қара алтын қорынан әлі шашау шығырмаған. Мұның орнына коммерциялық қорды пайдалануға рұқсат берді. Бұдан бөлек, мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын 15 пайызға қысқартты. Сондай-ақ көмірге тәуелділігін арттырды. Шикі мұнайдың орнына қатты отыннан химиялық өнімдер шығарады. Жалпы Қытай көмір тұтыну бойынша әлемде бірінші орында тұр.

Оксфорд университеті энергетикалық зерттеулер институтының баяндамасы

Қытай мұнай дағдарысын стратегиялық қорды пайдалану арқылы емес, ішкі өндіріс пен тұтынуды реттеу арқылы еңсеріп келеді. Яғни Бейжің бірнеше шағын «тетікті» іске қосып, мұнайға тәуелділікті уақытша азайттыОрмуз «қақпасының» жабылуы Еуропаға қатты әсер етті. Өндірісі мықты Германияның өзінде жағдай мәз емес. Өйткені экономикасы экспортқа тәуелді. Әлемдік теңіз тасымалының тұрақсыздығынан бүкіл өндіріс баяулады. Сондықтан сарапшылар биыл Германияның экономикасы 0,5 пайыз ғана өседі деп топшылайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz