RU
Толық нұсқаға өту

Сарапшы: Сауд Арабиясының ұстанымы өзгермейді

31.05.2026, 22:00 38

«Палестина мәселесі түбегейлі шешілмей, Израильмен қарым-қатынас орнамайды».

Сауд Арабиясының ((«Gulf»)) Галф зерттеу орталығы таяуда Корольдік билігінің осы ұстанымын жариялады. Мәліметке сәйкес, ресми Рияд палестиналықтар құқығының аяқасты болып, жылдар бойы азап көріп келе жатқанына наразы. Израильмен қандай да бір байланыс орнатуға еш ықыласты емес.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Саудия Палестинаның тәуелсіз мемлекет болуын әу бастан қалайды. 2002 жылы Корольдік Араб бейбітшілік бастамасы атты құжатты жариялап, Израильмен қатынасты қалыпқа келтіру жолдарын ұсынған. Алайда кейін ол аяқсыз қалды. Өйткені Палестина мәселесі оңтайлы шешімін тапқан жоқ.

Ресми Риядтың ұсыныстары ескерілмей, шетке ысырылды. Мұндай жағдайда дипломатиялық байланыстарды ретке келтіру қиын. Сол себепті зерттеу орталығы Палестина мәселесін түбегейлі шешуге сеп болатын ширек ғасыр бұрынғы ұсыныстарды тағы еске салды. Жалпы Араб бейбітшілік бастамасы екі мемлекет қағидасына сүйенеді. Оның негізінде Шығыс Иерусалим Палестина астанасы болуы тиіс. Израильге онымен қоңсы отыру және Батыс жағалау мен Газа секторынан әскерді шығару міндеті жүктеледі. Яғни тараптар толықтай 1967 жылғы шекара сызығына оралады.

Осы шарттар орындалған жағдайда ғана Сауд Арабиясы Израильмен қарым-қатынасын толық қалыпқа келтіруге дайын.

Салех Әлхатлан, «Gulf» зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:

- Сауд Арабиясының ұстанымы нақты әрі қатаң. Палестина мәселесіне қатысты түбегейлі шешім болмаса қарым-қатынас қалпына келмейді және дипломатиялық байланыс орнамайды. Біздің мақсат – палестиналықтардың құқығын заңды негізде қорғау. Көп жылдан бері осы қағиданы ұстанып келеміз. Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын бейбітшілік бастамасы ұсынылды. Сол құжатқа қайта оралып, мұқият қарап шығулары керек. 

Есесіне Израиль аймақтағы барлық араб мемлекеті тарапынан мойындалып, дипломатиялық һәм экономикалық байланыстарын жандандыра алады. Өңірлік интеграцияға жол ашылады. Еске салайық, мұсылман елдері мен Израиль арасын жақындастыруға арналған Ибрахим келісімдеріне шығанақ аймағында Әмірліктер мен Бахрейн қосылған. Ал Сауд Арабиясы Палестина мәселесін шешуді негізгі шарт ретінде сақтап қалды. Корольдік Израильмен қатынасты қалыпқа келтіруге келгенде әзірге сол ұстанымынан айнымады.

Бұл жайтты ел билігі ресми түрде мәлімдемесе де зерттеу орталықтары арқылы әлемдік қауымдастыққа жеткізіп отыр.

Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz