Малайзияда әлеуметтік желілерді пайдалану тәртібі қатаңдатылады. Енді 16 жасқа толмаған азаматтарға онлайн платформаларда аккаунт ашуға тыйым салынады.
Тіркелу барысында жеке басын растайтын құжат арқылы тексеру жүргізіледі, ал бұрыннан тіркелген қолданушыларға жасын растау міндеттеледі. Бұл шаралар балаларды кибербуллингтен, интернет-алаяқтықтан және зиянды контенттен қорғауға бағытталған.
Әлеуметтік желілерге шектеу енгізу мәселесі Малайзия үкіметінде бір күнде қабылданған шешім емес. Соңғы жылдары кәмелетке толмағандарға қатысты интернеттегі құқық бұзушылықтардың көбеюі бұл бағыттағы бақылауды күшейтуге түрткі болды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, биыл жүргізілген ауқымды операция барысында заңсыз мазмұны бар шамамен 500 мыңға жуық файл анықталған. Бұл материалдардың басым бөлігі шетелдік дереккөздер мен жабық цифрлық платформалар арқылы таратылған. Ал мамандардың айтуынша, негізгі мәселе, балалардың әлеуметтік желіні ерте қолдануы, бірақ оның қауіп-қатерін толық түсінбеуі. Бұл оларды түрлі онлайн қауіптерге, соның ішінде кибербуллинг пен интернет алаяқтыққа осал етеді.
Фариша Нурул, Психолог, ерте жастағы балаларды дамыту маманы:
- Бұл жаста балалар интернеттегі ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай алмайды. Олар көрген немесе естіген дүниеге оңай сеніп қалады, салдарын толық түсінбей жеке мәліметтерін бөлісуі мүмкін. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтіп кету немесе қауіпті байланыс орнатуы ықтимал. Сондықтан тек шектеу енгізу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – балалардың цифрлық ортада өзін дұрыс ұстау дағдыларын ерте жастан қалыптастыру және интернет қауіпсіздігіне қатысты базалық білім беру.
Жаңа ережеге сәйкес, жауапкершілік тек пайдаланушыларға ғана емес, әлеуметтік желі платформаларын әзірлеуші компанияларға да жүктеледі. Олар мазмұнды қатаң бақылап, шағымдарға жедел әрекет етуі және кәмелетке толмағандарды қорғау тетіктерін күшейтуі тиіс. Билік бұл қадамдар цифрлық кеңістікті балалар үшін қауіпсіз етуге мүмкіндік береді деп отыр.
Авторлары: Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Малайзия #әлеуметтік желіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz