RU
Толық нұсқаға өту

Трамп: Израиль мен «Хезболла» татуласты

02.06.2026, 09:00 32

Дональд Трамп Израиль мен «Хезболланы» татуластырды.

Ақ үй басшысының айтуынша, Израиль Ливанға әскер жібермейтін болды. Ол Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, осындай уағдаластыққа қол жеткізгенін айтады. Бұған дейін ЦАХАЛ Ливанда шабуылды үдететінін хабарлаған еді. Тіпті аймақтағы маңызды стратегиялық орын - Бофорт қамалын басып алды. Ал бұл қамалдың маңызы неде? Трамп неліктен мұндай шешім қабылдады?

Израильдің Ливанға шабуылды үдетуіне байланысты Тегеран Вашингтонмен келіссөз жүргізіп, ақпарат алмасуды тоқтатады. Бұл туралы ирандық Tasnim агенттігі хабарлады. "Ливан мәселесі тараптар арасындағы атысты тоқтату жөніндегі шарттардың бірі болған еді. Сондықтан Бейрутқа жасалған соққылар бітімді бұзу болып саналады" деді Иран тарапы. Осыдан соң көп ұзамай Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. 

ЦИТАТА: 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті

"Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен нәтижелі әңгіме болды. Бейрутқа ешқандай әскер жіберілмейді, ал жолға шығып қойған барлық бөлімшелерге кері қайту туралы бұйрық берілді. Сондай-ақ жоғары лауазымды өкілдер арқылы мен «Хезболламен» де өте жақсы келіссөз жүргіздім. Олар атысты тоқтатуға келісті. Израиль оларға, ал олар Израильге шабуыл жасамайды".

Осыдан кейін Трамп Ислам республикасымен келіссөздер одан әрі жалғасатынын мәлімдеді. Ал Итамар Бен--Гвир бұл шешімге қарсылық танытып отыр. Ол бұған дейін де Иранмен тиімсіз келісім жасаспау үшін және Ливнадағы әскери іс--қимылдардың белсенділігін арттыру мақсатында Нетаньяхудың Трамппен батыл сөйлесуін талап еткен еді.   

ЦИТАТА: 

Итамар Бен-Гвир, Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі

"Премьер-министр мырза, сіз мықты премьер-министр Құрама Штаттар президентіне мүмкіндік болса, «иә» деп, сондай-ақ қажет болған жағдайда «жоқ» деп жауап бере алады деген едіңіз. Дәл қазір біздің досымыз, президент Трампқа «жоқ» деп айтатын сәт келіп жетті. Қазір «Хезболлаға» жойқын соққы жасап, еліміздің солтүстігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін уақыт келді".

Израиль Бофорт қамалын неліктен басып алды?

ЛИВАН

Израиль оңтүстік Ливанда орналасқан Бофорт қамалын алуды стратегиялық жеңіс деп біледі. 1982 жылы Израиль Ливанға басып кіріп, Бейрутқа дейін жеткен кезде, дәл осы қамалды жаулап алған. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген, 900 жылдық тарихы бар бекініс Израиль әскери операцияларының негізгі орталықтарының бірі ретінде пайдаланды. Ал 2000 жылы Израиль Ливаннан әскерін алып шықты. Ираннан қолдау көріп отырған шейіттік ұйыммен соғыс жағдайында Израиль осы қамалға қайта оралып отыр.

Моханад Хадж Әли, Таяу Шығыс орталығы директорының орынбасары:

- Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындар, әсіресе Набатия өңірінің халқы үшін Бофорт қамалы 2000 жылы Израиль әскері шығарылғанға дейін созылған басқыншылық кезеңінің символы іспеттес. Бұл өңірдегі ең биік нүкте, сондықтан ол Израильдің үстемдігін және халыққа жүргізілген бақылауды бейнелейді. Қазір Израиль әскерінің қайтадан Бофорт қамалына оралуы, менің ойымша, сол дәуірді еске салады.

Теңіз деңгейінен 700 метр биіктікте орналасқан бекіністен Израиль басып алған Голан шыңдары мен Жерорта теңізі айқын көрінеді. Осыған байланысты Бофорт қамалы ғасырлар бойы аймақтың негізгі стратегиялық нүктесі болып келді. 

Дэнни Орбах, Еврей университетінің доценті:

- Бүгінде Бофорт бекінісі бақылау пункті және барлау мәліметтерін жинау қызметін атқарады. Өйткені ол жерден төмендегі Салуки алқабы мен Набатия аймағының едәуір бөлігін басқаруға болады. Бұл қарсылас тараптың дрон операторлары топтарын, алдыңғы қатарлы жасақтарды және партизандық топтарды өткізу әрекеттеріне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Ирандықтар Ливанды қолдап, алаңға шықты

Қазір Ливандағы жағдайға тұтас әлем алаңдаулы. Израильдің кейінгі әскери операциясы кезінде жүздеген мың адам үйлерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болды. Тәулік ішінде ондаған елді мекен қарауылға ілінді. Әскери нысандардан бөлек азаматтық нысандар зардап шекті. Ливан Премьер-министрі Наваф Салам Тель-Авивті «ұжымдық жазалау саясатын» жүргізіп отыр деп айыптады. Ливанмен тарихи байланыстары бар Франция Израильдің әскери операцияларын талқылау үшін Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізуді сұрады. Ал Тегеранда қолдарына Иран мен «Хезболла» ұйымының туын ұстаған тұрғындар Ливанды қолдап, алаңға шықты. 2 наурыздан бастап «Хезболла» өзінің одақтасы Иранды қолдау мақсатында Израильге зымыран мен дрондар жібере бастаған.   

Захра Харазми, Тегеран тұрғыны: 

- Иранның ең ауыр кезеңдерінде ливандықтар бізді қолдап, көмектесті. Сондықтан біз де оларды қолдауымыз қажет. Менің ойымша, әрқайсымыз олардың алдында жауаптымыз. 

Айта кету керек, бұған дейін ешбір АҚШ президенті «Хезболламен» тікелей немесе өзге біреулердің араағайындығымен келіссөз жүргізбеген. АҚШ-та «Хезболла» террористік ұйым саналады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz