RU
Толық нұсқаға өту

Әлемдегі компанияларда жұмысқа қатынау үшін велосипед береді

03.06.2026, 18:00 53

Бүгін Дүниежүзілік велосипед күні.

Бұл датаны 8 жыл бұрын БҰҰ бекіткен. Қазір екі дөңгелекті көлік әлемде толыққанды қалалық қатынас құралы ретінде қабылдана бастады. Мәселен, Бельгияда велосипедпен жұмысқа барып қайту трендке айналған. Кейбір компаниялар қызметкерлерін велосипедпен қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша ақы да төлейді. 

Асан Атырау облысы Амангелді ауданы Шортанбай ауылынан шыққан ғалым. Қазір Монс университеті жанындағы зерттеу орталығында қоршаған ортаны ластамайтын баламалы энергия өндірумен айналысып жүр. Жұмысқа велосипедпен қатынайды.

Асан Әбдірахман, ғалым:

 - Осында оқитын студенттерге, қызметкерлерге осындай велик береді. Яғни экологиялық транспорт түрі. Сондай-ақ қатты бір қызық жері велик айдағанымыз үшін қосымша ақы аламыз.

Асан қала орталығында тұрады. Үйінен зертханаға дейін барып- қайту үшін 6 шақырымдай қашықтықты еңсереді. Екі дөңгелекті көлік пайдаланғанына айына ұлттық валютамен есептегенде шамамен 30 мың теңгедей қосымша ақы алады.

Асан Әбдірахман, ғалым:

 - Былай қарасаң керек бір дүниелердің бірі сияқты. Біріншіден, қоршаған ортаға зиянымыз жоқ ешқандай. Өзіміздің денсаулығымыз үшін өте пайдалы бір, өте жақсы моменттердің бірі деп айта аламын.

Жаңбырлы немесе тайғақ күндері велосипедшілерге сәл  қиындау. Бірақ жұмыс беруші олардың барлығын шлем, жарық шағылыстыратын жилет және тікенекті резеңке дөңгелекпен қамтамасыз еткен. Сондықтан көп қызметкер темір тұлпарын тастап, велосипедпен қатынауға машықтанып алған.

Дарья Баландина, МОНС университетінің аға оқытушысы: 

- Мұнда тіпті душ бар. Бірақ ауа райына сай киінсеңіз аса терлемейсіз. Әдетте жол ұзақ емес, сондықтан өзімізді жайлы сезінеміз. 

Велосипедшілерді ынталандыру жүйесі нақты нәтиже беріп келеді. Әсіресе кеңсеге жақын тұратын қызметкерлер риза. Зерттеу жобаларына тартылған 250-дей адамның біразы күнделікті әдетін өзгертіп, экологиялық көлік құралына көшкен.

Люк Лаур, зерттеу орталығының бас менеджері:

- Көпшілік үшін бұл бір реттік науқан емес, өмір салтына айналып жатыр. Автокөлікке балама бар кезде жұмысқа велосипедпен қатынау ауаны ластамаудың бірден бір жолы. 

Қосымша ақы төлеу жүйесі Бельгиядағы біраз компанияда бар. Оны алу үшін қызметкер арнайы қағаз толтырады немесе жұмыс берушіге велосипедпен қатынаған күндерін белгілеп отырады. Әлбетте қомақты қаражат емес, бірақ бұл әдіс көп адамның қос дөңгелекті көлікпен жүруіне деген құлшынысын арттырып отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бельгияда велосипед толыққанды көлік құралына айналып келеді. Соңғы жиырма жылда жұмысқа велосипедпен қатынайтын қызметкер саны екі есеге өскен. Ал жалпы алғанда елдегі жұмысшылардың үштен біріне жуығы оны ара-тұра автокөліктің орнына пайдаланып отырады.

Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz