Еуропаның үздік университеттері критикалық және сирек кездесетін металдарды өндіру технологияларымен бөлісіп, ғылыми жобаларды бірге жүзеге асыруға ниетті.
Бұдан бөлек олар отандық оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқысы келеді.
Гент — екі ғасырлық тарихы бар Еуропаның озық оқу орындардарының бірі. Университет басшылығы былтыр Қазақстанға сапарлап, еліміздің академиялық хабымен танысқан болатын. Нәтижесінде ректор елімізбен университетаралық әріптестік орнатуға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және қазақстандық ұйымдардың халықаралық ғылыми консорциумдарға қатысуына қолдау білдіруге дайын екенін айтты.
Петра Де Суттер, Гент Университетінің ректоры:
- Біздің нақты ғылымдар бойынша ынтымақтастығымыз бұрыннан бар. Қазір дәл өзіміздегідей математика зертханасын Қазақстанда ашу мәселесі талқыланып жатыр. Мұндай модельді басқа ғылыми салаларға да қолдануға болады. Осы мақсатта өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.
Ал бұл 6 ғасырлық тарихы бар Левен католик университеті. Ол критикалық және сирек жер материалдарын тұрақты өндіру мен қайта өңдеу, циркулярлық экономика және өндірістік тізбектерді
экологияландыру салаларындағы зерттеулерге маманданған. Минералдық- шикізат және ғылыми-өндірістік әлеуеті жоғары зерттеу орталығымен ынтымақтастық орнату Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыда өте маңызды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Бізді қызықтыратын қазіргі таңда металлургия және гидрометаллургия саласы. Қазақстанда сирек металдар, ауыр металдар көп, бірақ оларды біз байыту, олардан бір мықты дайын өнімдер шығару әлі, өкінішке орай, біздің әлі ғылыми қолданбалы әлеуетіміз жоғары емес.
Питер Том Джонс, Левен Университеті тұрақты металдар мен минералдар институтының директоры:
- Қазақстанның АҚШ, Канада, Ұлыбритания және басқа да көптеген елдің университеттерімен халықаралық байланыстары қарқынды дамып жатқаны мені қатты таңқалдырды. Менің ойымша, Бельгия да бұл үдерістен шет қалмауы керек.
Қазақстан мен Бельгияның жасанды интеллект және инновациялық технологиялар салаларындағы серіктестігі де нығаяды. Отандық делегация Левен қаласындағы Imec зерттеу орталығында болды. Кездесу барысында тараптар микро және нано электроника, цифрлық инженерия, жоғары білікті кадрлар даярлау, тағылымдамалар және қазақстандық командалардың халықаралық технологиялық жобаларға қатысу мәселелері талқыланды.
Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Бельгия #ғылым #байланыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz