Анкарада өткен ғасырда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алуға арналған көрме ашылды.
Экспозиция түркі елдерінің 35 жылдығы мен Баку құрылтайының 100 жылдығы аясында көпшілік назарына ұсынылды. Көрме аясында ғалымдардың қатысуымен халықаралық жиын ұйымдастырылды. Мамандар өткеннің ақтаңдақ беттерін талқылап, тарихтың ащы сабақтарын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Зұлмат жылдары түркі халықтарының маңдайалды тұлғалары «халық жауы» атанып, атылып, айдалып, түрмеге де қамалды. Алайда олардың мұрасы мен идеялары уақыт сынынан өтіп, бүгінгі ұрпаққа жетті. Анкарадағы бұл көрме сол арыстардың рухына тағзым етіп, ортақ тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған. Экспозицияда көріп тұрғандарыңыздай, Алаш арыстары Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сынды зиялылардың өмірі мен қызметіне қатысты деректер мен тарихи материалдар қойылған.
Сұрапыл кезеңнің көрінісін үнсіз-ақ сөйлеткен көрме келушілерді бірден өткен ғасырдың ауыр кезеңіне жетелейді. Сол дәуірдің қасіретін көз алдыңа әкелгендей әсер қалдырады.
Иә, өткен ғасырдың зобалаң жылдарында жаппай қырғынға ұшыраған жазықсыз жандардың есімі тарихтан өшкен жоқ. Анкарадағы тағылымды шара осының айқын дәлелі. Түркі елдерінің әр түкпірінен жиналған зиялы қауым өкілдері репрессия құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым етті.
Бүлент Тұран, Түркияның Ішкі істер вице-министрі:
- Репрессия құрбандарының кінәсі түркі және зиялы болуы еді. Өкініштісі, біз бұл арыстар туралы айтқанда, көп адамның білмейтіні көңілді құлазытады. Сондықтан ұмыт қалған осы қасіреттің, жазықсыз жан құшқан арыстардың есімі бүгін қайта жаңғырып, осы алаңда еске алынуының мәні ерекше деп санаймын.
Гөкхан Язгы, Түркияның туризм және мәдениет вице-министрі:
- Сол кезеңнің ең үрейлі символдарының бірі халық «Қара қарға» деп атаған қара көлік еді. Түн ішінде келген бұл көлік талай зиялыны, жазықсыз азаматты отбасынан ажыратып әкетіп, олардың көбісі қайта оралмады. Міне репрессия сол қара көлікке тиелген мыңдаған адамның тағдырын талқандап, тұтас ұлттың жадында өшпес жара қалдырған қасірет. Біз осы тарихта болған оқиғаларды бұрмаламай, шынайы түрде жеткізіп, кейінгі ұрпаққа насихаттай білсек, еңбегіміздің ақталғаны.
1926 жылы Бакудегі Түркология құрылтайына қатысқан көптеген түркі зиялыларының тағдыры кейін қасіретпен аяқталды. Көбі атылса, кейбірі жер аударылды. Зобалаңның зардабын тартқандардың дені қазақ. 1937-1938 жылдары 100 мыңнан астам қазақ қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңға жуығы атылды.
Дәулеткерей Кәпұлы, Алжир саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-музей кешенінің директоры:
- 1953 жылға дейін, Сталин қайтыс болғанға дейін сол Алжир лагерінен 20 мыңның үстінде әйел адам өткен. Этаппен өткендері бар. Ал жалпы 8 мыңның үстінде толық 5-тен 8 жыл жазасын өтегендер. Сол кездегі кеңестік мемлекеттердің, түркі мемлекеттерінің ішінде баршасына үлгі болған, оқыған-тоқығаны көп, білімділері көп, көш бастаушылары көп Әлихан, Ахметтерден қалған тарих ертеңгі ұрпаққа сабақ болуы керек.
Гүлдана Бейсенғалиева, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінің басшысы:
- Гулагтың ең үлкен бөлімшелерінің бірі болды КарЛаг. Ал Алжир Қарағанды лагерінің 26-бөлімшесі. Бұл еңбекпен түзету лагері болған. Бұл жерде мұғалімдер, зерттеушілер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тұтқындалған. Олар ол жерде еңбекпен қызмет еткен.
Мамандардың айтуынша, өткеннің қасіретті беттерін зерттеу – болашаққа сенімді қадам жасаудың алғышарты. Сондықтан бұл жоба тек ғылыми жиын ғана емес, түркі халықтарының ортақ жады мен бірлігін нығайтатын маңызды алаңға айналып отыр.
Рухи Ерсой, Ахмед Жевад атындағы институт директоры, профессор:
- Осы тарихи шындықты ұмыттырмау үшін Түркияда репрессия құрбаны болған әзербайжандық ақын Ахмет Жевад атындағы институт жұмыс істейді. Біз Ахмет Жевадтан бастап, Мағжан Жұмабаев секілді түркі зиялыларының мұрасын жастарға танытып келеміз. Мағжанның «Алыстағы бауырыма» өлеңі арқылы Түркі дүниесінің бірлігі жолында күрескен тұлғалардың тағдырын ұрпақ санасына сіңіруге тырысамыз.
Тарихтың зұлмат кезеңінен сыр шертетін көрме жаз бойы келушілерге есігін айқара ашады. Ұйымдастырушылар осылайша жас ұрпаққа репрессия құрбандарының тағдырын таныстырып, тарихи жадыны жаңғыртуды көздейді.
Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #Анкара #репрессия #көрме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz