RU
Толық нұсқаға өту

Ядролық қару - Ким Чен Ынның айбары

08.06.2026, 08:39 60

"Теңіз әскери күштері ядролық күштің негізгі элементіне айналуы тиіс!"

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын осылай деп мәлімдеді. Яғни Пхеньян атомдық қаруды тек құрлықта ғана емес, теңізде де ұстағысы келеді.

Бүгін Ким Чен Ынның шақыруымен Солтүстік Кореяға Қытай Төрағасы барады. Си Цзиньпин Пхеньянға 2019 жылдан бері алғаш аяқ басқалы тұр. Екеуара әңгімеде нендей мәсеелер қаралуы мүмкін? Сарапшылар не дейді? 

Бейжің мен Пхеньян қандай келісім жасайды?

Таяуда Си Цзиньпин Президент Дональд Трамп және Кремль басшысы Владимир Путинді күтіп алып, қонақ еткені белгілі. Сондай-ақ Бейжіңге  Еуропаның жетекші елдері, Ұлыбритания премьер-министрі мен Германия канцлері, сондай-ақ Оңтүстік Корея Президенті де барып қайтты. Мәртебелі меймандарды өз жерінде қарсы алып келген шығыстағы көршіміздің басшысы биыл шетелге алғашқы сапарын Солтүстік Кореядан бастады. Сарапшылар бұл Бейжіңнің Пхеньянмен қатынасқа ерекше көңіл бөлетінін аңғартады, дейді.

Мао Нин, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Қытай мен Солтүстік Корея бұл сапарды екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерудің мүмкіндігі ретінде қарастырады. Екі тарап та ынтымақтастықты кеңейтіп, экономика мен әлеуметтік салада халықтың тұрмысын жақсартуға басымдық береді. Сондай-ақ аймақта және әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың жолдарын талқылайды. 

Солтүстік Кореяның кейінгі кезде Ресеймен жақындасуы Қытай үшін аса тиімді емес. Сондықтан сарапшылар Си Цзиньпин осы сапар барысында осы мәселені қозғайды деп отыр. 

Джон Делури, Asia Society орталығының аға қызметкері:

- Мәскеу мен Пхеньян әскери және саяси байланысын күшейтіп жатыр. Мұны Қытай көріп отыр және қарсы емес. Десе де, Бейжің Солтүстік Кореяға ықпалынан айырылғысы келмейді әрине. Сондықтан Си Цзиньпин Пхеньяндағы жағдайды жіті бақылап отырғанын көрсеткісі келеді.

Қытай мен Солтүстік Кореяның ортақ шекарасы 1400 шақырым. 65 жыл бұрын жасаған Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімдері бар. Оған сәйкес, алда-жалда жау шапса, екі жақ бір-біріне көмектесуге міндетті. Ал Бейжің былтырдан бері Жапония әскерінің күшеюіне алаңдап отыр. Қытайлық сарапшылар екі ел басшылары осы мәселеге қатысты бірлескен мәлімдеме жасайды, деп санайды

Ван Ивэй, Қытай Халық университеті халықаралық қатынастар мектебінің профессоры:

- Оңтүстік Корея атомдық сүңгуір кемеге ие болғысы келеді. Жапонияда да әскери шығынын көбейтуге кірісті. Осы ретте Қытай мен Солтүстік Корея Корей түбегін ғана емес, бүкіл Солтүстік-Шығыс Азия елдерін ядролық қарудан азат аймақ ету идеясын көтеруі мүмкін.

Солтүстік Корея әскери-теңіз күштерін күшейтеді

Солтүстік Корея басшысы Әскери-теңіз күштерін күшейтуді бұйырды. Кеше Ким Чен Ын “ Кан Кон” атты жаңа жойғыш кеменің сынағына қатысты. Қасында 13-14 жастағы қызы Ким Чжу Э де болды. Солтүстік Корея басшысы бейбітшілікті сақтау үшін құрлық пен әуе ғана емес, теңіз шебінің де іргесі мықты болуға тиіс, деп мәлімдеді. Сондықтан әскери-теңіз күштерін жаңғыртудың 5 жылдық бағдарламасын жариялады. Су астында қолданылатын жаңа қару жүйелерін әзірлеуді және 10 мың тонналық жойғыш кемелерді құрастыруды тапсырды. 

Джон Делури, Asia Society Орталығының аға қызметкері:

- Си Цзиньпиннің ықпалы Президент Трамппен бірдей деуге болады. Сондықтан бұл сапар Ким Че Ын үшін өте маңызды. Өйткені Солтүстік Кореядағы әлеуметтік жағдай онша емес. Сондықтан  халық арасында Қытай секілді ықпалды көршіміз бізді қолдайды. Ал ядролық бағдарламамыз халықаралық деңгейдегі салмағымызды арттырды деген насихат жүргізілуі мүмкін. 

Кей деректерге қарағанда Қазір Пхеньянның арсеналында 100 ядролық оқтұмсық бар. Таяуда  солтүстік кореялық бұқаралық ақпарат құралдары жаңа уран байыту зауытының суреттерін жариялады. Оған қарағанда, Ким Чен Ын центрфугалар орналасқан цехтың жұмысымен танысып қайтты. Енді сала сарапшылары кәсіпорынның әлеуетін анықтауға кірісті. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша, кейінгі 5 жылда Солтүстік Кореяның ядролық әлеуеті 2 есе артқан. Бұл Пхеньянның жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуға бейіл емес екенін көрсетсе керек.

АҚШ Оңтүстік Кореяға $106 млн қару сатады

АҚШ Оңтүстік Кореяға 106 млн долларға қару сатады. Құрама Штаттардың Мемлекеттік департаментінің дерегіне қарағанда Пентагон Сеулге басқару жүйелерін жеткізеді. Мұны әуеден тастайтын бомбаларға орнатса, құрлықтағы нысанға дәл тиеді. Бұдан бөлек, Оңтүстік Корея өз арсеналын 2030 жылға атомдық сүңгуір кемемен толықтырмақ. 

Дональд Трамп президенттігінің бірінші мерзімі кезінде Ким Чен Ынмен 3 рет кездесті. Бірақ Солтүстік Корея басшысы ядролық қарудан бас тартпады. Өйткені ядролық қару Ким Чен Ынның басты айбары. Мұны Қытай төрағасы жақсы түсінеді. Сондықтан сарапшылар Си Цзиньпин Ким Чен Ынмен қарулық қарусыздану мәселесін емес. Жақсы қатынасты сақтауға көңіл бөледі, деп санайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz