Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралында магнитудасы 7,8 болатын қуатты жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апаттың салдары әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр.
CNN басылымының мәліметінше, магнитудасы 7,8 болатын қуатты жер сілкінісінің ошағы Минданао аралының оңтүстігіндегі Сарангани провинциясына қарасты Генерал-Сантос қаласы жағалауында болған.
Жер асты дүмпуінен кейін цунами қаупіне байланысты шұғыл ескерту жарияланып, жағалау маңындағы тұрғындарға қауіпсіз аймақтарға эвакуациялану жөнінде үндеу жасалды. Сонымен қатар көршілес Индонезия мен Жапонияда да цунами қаупі туралы ескерту берілді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Генерал-Сантос қаласында бірқатар ғимараттар мен инфрақұрылым нысандары зақымданған.
Филиппин президенті Фердинанд Ромуальдес Маркос барлық жауапты мемлекеттік органдарға тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру және құтқару жұмыстарын жедел түрде бастау жөнінде тапсырма берді.
«Цунами туралы ескертуді елемеңіздер. Уақыт оздырмай биік жерлерге шығыңыздар. Ештеңені күтпеңіздер. Кез келген дүниеден адам өмірі қымбат», – деді мемлекет басшысы халыққа жасаған үндеуінде.
Полицияның хабарлауынша, қазіргі уақытта қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ресми ақпарат тіркелмеген. Алайда құқық қорғау органдары адам шығыны болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ кейбір тұрғындардың қатты үрейден есінен танып қалғаны белгілі болды.
Тегтер #Филиппин #жер сілкіні #эвакуация #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz