Бүгін АҚШ, Канада және Мексикада төрткүл дүние көз тіккен әлем чемпионаты басталады.
Алайда күллі әлем тағатсыздана күткен аладоп аламаны індеттің ошағына айналып кетпей ме деген үрей бар.
Мундиальды көруге дүние жүзінің түкпір-түкпірінен 6 жарым млн адам барады. Ал осы уақытта әлемнің біраз елінде емі де, екпесі де жоқ Эбола мен Хантавирус секілді вирустардың жаңа штамдары өршеленіп тұр. Бұл өзі, қандай дерт? Дауасы жоқ па деп жүргелі де біраз болды. Дегенмен, бір үміт бар. Қажетті вакцинаны жасанды интеллект әзірледі. Қазір әмбебап екпе сынақтан өтіп жатыр.
Жасанды интеллект вакцина жасады
Кембридж университетінің ғалымдары жасанды интеллектінің көмегімен әмбебап вакцина ойлап тапты. Қазіргі екпелер тек бір жұқпалы ауруға қарсы иммундық жүйе қалыптастырады.
Алайда көп вирус мутацияға ұшырайды. Сөйтіп, көп ұзамай вакцина тиімсіз болып қалуы мүмкін. Ал жаңа препарат бір мезетте бірнеше жұқпалы аурудан қорғайды. Тіпті жаңа штамдарға қарсы ағзада қорғаныш реакциясын қалыптастыра алады, дейді зерттеушілер. Өйткені жасанды интеллект ондаған вирустың генетикалық кодын талдап, ортақ әрі өзгермейтін тұстарын анықтаған. Нәтижесінде нейрожелі бірегей антиген әзірлеп шыққан.
ЦИТАТА:
Джонатан Хини, Кембридж университетінің профессоры
Қазір жаңа вирус шыққаннан кейін ғана оған қарсы екпе ойлап табады. Болашақта қандай жұқпалы ауру пайда болуы мүмкін деп отырмаймыз. Бүкіл вирусқа қарсы көмектесетін әмбебап вакцина әзірлеуді мақсат тұтып отырмыз.
Эбола әлем чемпионатына қауіп төндірді
Қазір Конго Демократиялық Республикасы және Угандада Эбола вирусы лезде тарап жатқаны белгілі. Оның басқа елдерге таралуы мүмкін деген қауіп басым қазір. Сондықтан әлем чемпионаты қарсаңында АҚШ сақтық шараларын күшейтті. Кейінгі үш аптада Конго, Уганда және Оңтүстік Суданда болған шетелдіктер Құрама Штаттар аумағына кіре алмайды. Ал қара құрлықтан оралған азаматтар қатаң медициналық тексеруден өтіп, 21 күн карантинде отыруы керек. Десе де, іріктеуден өткен Конгоның ұлттық құрамасы аладоп аламына қатысады. Бірақ спортшылар санитарлық талаптарды орындауы тиіс.
Ребекка Кац, Жаһандық денсаулық сақтау ғылымдары және қауіпсіздік орталығының директоры:
- Адамдардың жүріс-тұрысын бақылау қиын. Ал бұл жолғы әлем чемпионатының ауқымы өте үлкен. Бір мезетте үш елде өтеді. 48 мемлекеттің командасы қатысады. Ал жанкүйерлер жарысты көруге ғана келмейді. Туристік орындарды да аралайды. Сондықтан бұл қауіпті вирустардың дүниенің бір бұрышынан екінші бұрышына тез таралу қаупін арттырады.
Швейцария
Өткен айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конгода халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Содан бері вирус жұқтырғындар саны 635-ке жетті. Соның 127-сі көз жұмған. Эболаның бірнеше штаммы бар. Бірақ қазір өршіп тұрған түріне қарсы ем де, екпе де жоқ. Сондықтан АҚШ Еуроодақты шекарадағы бақылауды күшейтуге шақырды. Алайда қарт құрлық елдері қатаң шектеу енгізетіндей әзірге ешқандай қауіп жоқ деп санайды. Сондықтан Еуропаға кіру немесе шығу тәртібін өзгертпейміз. Қазіргі шаралар жеткілікті, деп мәлімдеді.
ҒАЛЫМДАР ВИРУСТЫ КӘРІЗ СУЫНАН ІЗДЕЙДІ
Сақтансаң сақтайды. Бірақ биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АҚШ-тың демеулік қаржысынан айырылды. Құрама Штаттар ұйымның мүшелігінен шықты. Енді америкалық денсаулық сақтау жүйесі үшін Канада және Мексикамен ақпарат алмасу қиын. Ал, бұл вирустар қаупінің алдын алуға кедергі. Сондықтан, АҚШ-тағы қайырымдылық қорлары мен жеке компаниялар бірігіп, әлем чемпионаты кезінде ауру таралуын бақылауға көмектесетін арнайы орталық ашты. Тіпті ғалымдар эпедимиологиялық ахуалды бақылаудың ерекше әдісін іске қосты. Вирустар кең етек жаймай тұрып, кәріз суынан сынама алып, клиникалық талдау жүргізеді. Өйткені, адам ағзасындағы ауру қоздырғыштар кәріз суына түседі. Бұл аурудың бар-жоқтығын әп-сәтте анықтауға көмектеседі, - дейді мамандар.
Ребекка Кац, Жаһандық денсаулық сақтау ғылымдары және қауіпсіздік орталығының директоры:
- Кәріз суы қалада қандай вирус таралып жатқанын алдын ала анықтауға көмектеседі. Тіпті алғашқы науқас ауруханаға түспей, 5-7 күн бұрын біліп отырамыз. Зертханалық талдау нәтижелерін FIFA ұйымына, жергілікті билік органдары мен медициналық мекемелерге де жолдаймыз. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне әзірлігін пысықтауға мүмкіндік береді.
Адамдар саяхаттаған сайын түрлі вирусты өзімен бірге тасиды. 20 ғасырдың басында млн-даған адамның өмірін қиған испан тұмауы өзге елдерге жарты жылдан кейін тараса, Қытайдан шыққан коронавирус бірер аптада 16 мемлекеттен табылған еді. Оның салдарын әркім сезінді. Бірақ мұндай дерттен қалай емделуге болатынын әлі күнге ешкім білмейді. Сондықтан сақтанудан өзге амал жоқ.
Тегтер #футбол 2026 #әлем чемпионаты #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz