RU
Толық нұсқаға өту

Мехико футболдан ӘЧ үшінші рет өткізуге дайын

11.06.2026, 15:00 47

Әне-міне дегенше үш ел бірігіп өткізетін футболдан әлем чемпионаты да басталғалы жатыр.

Ашылу салтанаты мен жарыстың алғашқы матчы Мексика астанасында өтеді. Осылайша тарихта алғаш Мехико үш бірдей әлем чемпионатын өткізген қала болмақ. Одан бөлек Мексиканың Монтеррей мен Гвадалахара шаһарлары да дүниежүзілік доданы өткізуге өз үлесін қосады. Жанкүйерлердің алды ареналарды жағалап жүрсе, спортшылар дайындықтарын пысықтап жатыр.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Әйгілі Ацтека аренасының сыртындағы жағдай дәл қазір осылай. Тарихи кейіпкерлер қайтадан тіріліп келіп, осы жақта керемет мерекелік көңіл-күйдің демеушісі болып тұр. Бұл жақта ән де бар, би де бар. Әсіресе бразилиялық, мексикалық, аргентиналық, колумбиялық жанкүйерлердің көптігін байқауға болады. Осы жерде ойын әлі басталмаса да ашылу салтанатына әлі бірнеше сағат бар болса да керемет футболдық, жанкүйерлік көңіл-күйді сезуге болады.

Билеп жүрген сегізаяқ, тағында тұрып халқымен амандасқан ежелгі Мая тайпасының билеушісі, бір-бір кубоктан ұстап алып, суретке түсіп жатқан көпшілік - мұның бәрі чемпионат алдындағы бой қыздыру секілді. Аренаның сыртында әлі де гүл егіп жатқан қала қызметкерлерін көргенде бойыңды қуанышпен қатар сайысқа дейін үлгірер ме екен деген үрей билеп алатындай. Ал стадионның өзі әлі де қалың биік қоршаумен қоршалып, асыққан көрерменді сабырға шақырып тұр ма дерсің. Бірақ өз командасы үшін ат терлетіп келген жанкүйер қабырғаның бер жағынан да қолдауға дайын. 

Диего, колумбиялық, жанкүйер:

- Біз Колумбияны қолдау үшін арнайы келдік. Командамыз іріктеліп қана қоймай, чемпион болу керек. 

Андрес, мексикалық жанкүйер:

- Өз елімде өтіп жатқан соң келмеске болмады. Өте қуаныштымын. Бұл арманым еді. Енді Мексика финалда жеңіп, тағы бір арманым орындалса екен.

Мексика осымен үшінші рет футболдан әлем чемпионатын өткізіп отыр. Дүниежүзілік дода аясында қалада ауқымды өзгерістер болған. Мысалы, Ацтека аренасын жаңартуға 110 млн доллар кетсе, астаналық әуежайдың реконструкциясына 500 млн доллар жұмсалған. Ұшақтан түскен бойда алып доп пен безендірулер бірден көзге түсіп, су жаңа құрылыс материалдарының иісі де сезіледі. 200 млн доллардан астам қаржыға  метро, тролейбус желілері  мен велосипед жолақтары  жаңартылған. Тіпті жол жиегіндегі қоршаулар мен көпірлер осы шаһардың басты гүлі -  Жакаранданың күлгін түсіне бояған. Ел үкіметі халықаралық сайысқа 5 млннан астам турист келіп, қазынаға кемінде 3 млрд доллардан аса қаражат түседі деп  отыр.

Ердана Ержанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz