Соңғы төрт жылда Еуропада аптап ыстық салдарынан 200 мыңнан астам адам көз жұмған, деп хабарлайды «24KZ» DW агенттігіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа елдерін халықты аптап ыстықтың әсерінен қорғау шараларын күшейтуге шақырды. Ұйымның Еуропа бойынша өңірлік директоры Ханс Клюгенің айтуынша, климаттық дағдарыстың күшеюіне байланысты Еуропа әлемдегі ең жылдам жылынатын өңірге айналып отыр.
Берлинде таныстырылған жаңа ұсынымдарда парниктік газдар шығарындыларын азайту, қалалардағы жасыл аймақтарды көбейту, саябақтар мен демалыс орындарын дамыту мәселелеріне басымдық берілген.
«Жоғары температураны кәдімгі жазғы ауа райы ретінде қабылдауға болмайды», – деді Берлин дәрігерлер палатасының президенті Петер Бобберт.
Мамандар аптап күндері түскі уақытта сыртта ұзақ жүрмеуге, дене белсенділігін таңертең немесе кешкі уақытқа ауыстыруға кеңес береді. Сондай-ақ қарт адамдарға ерекше назар аудару қажет екенін айтады.
ДДҰ мәліметінше, жаһандық жылыну салдарынан аптап ыстық толқындары жиілеп, ұзақтығы мен қарқындылығы артып келеді. Әсіресе егде жастағылар, жүкті әйелдер және созылмалы ауруы бар адамдар қауіп тобына жатады. Ұйым дерегіне сәйкес, шектен тыс ыстық жыл сайын ауру-сырқаудың көбеюіне, мезгілсіз өлім-жітімге және миллиардтаған экономикалық шығынға себеп болып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ДДСҰ #Еуропа #ыстықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz