Шығыс жарты шардағы жанкүйерлердің түн ұйқысын ұрлаған FIFA 2026 әлем чемпионатының алғашқы күні де өте шықты.
Мехикода Шакираның салған әні, кейін мексикалықтардың жеңісті тойлауымен ұласты. Шаһардың 18 алаңында жанкүйерлерге арналған орындар ұйымдастырылып, Мексика мен Оңтүстік Африка арасындағы матч бүкіл қала назарын өзіне аударды. Алғашқы күннің қорытындысы қалай болды?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- 1986 жылдан кейін Мехикоға қайта оралған әлем чемпионаты ерекше әсермен басталды. Көлік жүретін негізгі күре жолдар жаяу жүргіншілердің еншісіне бұйырып, қару-жарақ асынған полиция өкілдері мен арнайы қорғаныс көліктері қаладағы қауіпсіздікті жоғары деңгейде ұстап тұрды. Мерекелік көңіл-күй метро секілді қоғамдық көліктерде, фан аймақтарға бастайтын көшелерде айқын байқалды. Өзім де мариачи музыканттарымен танымал Гарибальди алаңындағы фан фестке куә болдым.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ашылу салтанатындағы Мексиканың тарихы, елдің атақты өнерпаздары, Шакира мен Бурна Бойдың “Дай Дай” әні бірден Мексика мен Оңтүстік Африка арасындағы алғашқы матчқа ауысты. Мексикалықтардың футболға деген қызығушылығын, жанкүйерлік ықыласын жаңбырлы маусымдағы мамыражай ауа райы тіптен қыздыра түскендей. Экранға телміре қарап, тақымдарын қысып отырғандардың арасында жас та кәрі де көп. Екі раундта екі гол соғып, жеңісті қонақтардан жұлып алған арена иелері бүкіл Мехиконы қуанышқа бөледі. Нөсер жаңбырға қарамастан 120 мың адам тәуелсіздік періштесі деп аталатын мүсін жанында бас қосып, мерекелік концертті тамашалады.
Ана Луиса, жанкүйер:
«Бұл менің өмір бойы күткен арманым. Алғашқы әлем чемпионатымда Мексиканың 2:0 есебімен жеңгенін көру ерекше әсер сыйлады. Жанкүйерлердің қолдауы жүрегімді қуанышқа бөледі».
Хуан Мануэль Рамирес, жанкүйер:
«Бізге, жанкүйерлерге гол керек. Бүгінгі екі гол командаға деген сенімді күшейтіп, көңілімізді көтерді».
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Мехикодағы мерекелік көңіл-күй 19 шілдеге дейін жалғасады. Атақты Цокало алаңында әлем чемпионатының соңғы күніне дейін түрлі шаралар өтеді. Пеле мен Марадонаның тарихи жеңістеріне куә болған Ацтека стадионы алда Колумбия, Өзбекстан, Чехия елдерінің де командаларын қабылдап, 1/16 кезеңге дейінгі ойындарды ұйымдастырады.
Тегтер #FIFA 2026 #футбол 2026 #Мексика #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz