АҚШ пен Иран келісімге келді. Бұл жайлы Президент Дональд Трамп мәлімдеді. Вашингтон мен Тегеран арасында бірнеше айға созылған қақтығысты тоқтатудың алғашқы қадамы бұл.
Тараптар алдағы жетіде меморандумға қол қояды.Тек осы бір тарихи сәтті Израильдің Бейрутқа жасап жатқан соққысы бұзып жібермесе болғаны. «Ахуал әлі де құбылмалы», - дейді сарапшылар.
Ақ үйде бүгін көңіл күй көтеріңкі. Дональд Трамптың 80 жасқа толған туған күні, UFC жекпе жегінің президент резиденциясында өтуі міне Иран мен АҚШ арасындағы келісім деген жақсы жаңалыққа ұласып отыр. Бұл жолы тегерандық тарап та бітімге келгендерін растады. Вашингтонның мәлімдеуінше, құжатқа алдағы күндері Швейцарияда қол қойылуы мүмкін. Келісім әскери әрекеттерді тоқтатып, Парсы шығанағындағы маңызды теңіз дәлізі – Ормуз бұғазын қайта ашуды көздейді.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Иран Ислам Республикасымен жасалған келісім толық аяқталды. Баршаңызды құттықтаймын! Осы сәттен бастап Ормуз бұғазы халықаралық кеме қатынасы үшін толық әрі кедергісіз ашылады. Сонымен қатар АҚШ Әскери-теңіз күштеріне теңіз қоршауын дереу алып тастауға рұқсат беремін. Әлемнің барлық кемелері, сапарға шығыңыздар! Мұнай тасымалы қайта жандансын!
Алайда жағдай толық тұрақталды деуге ерте. Израильдің Бейруттағы нысанға жасаған әуе соққысы келіссөздерге қауіп төндіріп отыр. Трамп бұл әрекетті ашық сынға алып, дәл осындай сәтте шиеленісті ушықтырмауға шақырды. Тегеран да сақтық танытып отыр. Сондықтан келіссөздер екі кезеңге бөлініп қарастырылмақ. Алғашқы кезең осы алдағы жұмада қол қойылған меморандум аясында аяқталып, соғыс тоқтап, екінші кезеңге ұласады. Бұл кезеңде тараптар Иранның ядролық бағдарламасы, жоғары байытылған уран қоры және санкцияларды жою мәселелері бойынша келіссөз жүргізеді. Оған 60 күн уақыт беріледі. Иран билігі келісімнің орындалуы нақты қадамдармен дәлелденуі керек деп мәлімдеді. Сол үшін елге салынған санкциялар алынуға тиіс дейді.
Казем Ғарибабади, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- 60 күнге созылған келіссөздердің басты тақырыбы – Иранға қарсы барлық санкцияларды жою болды. Келісім жобасына сәйкес АҚШ біржақты, басты және қайталама санкцияларды, сондай-ақ халықаралық ұйымдар енгізген шектеулерді тоқтатуға міндеттеме алады. Бұл -бұрынғы келісімдерден басты айырмашылық. Яғни Иранға қатысты барлық санкция алынып тасталады.
Мұнай бағасы жексенбі күні төмендеді. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен келісімге қол жеткізгенін және Вашингтонның елге қарсы теңіз қоршауын тоқтататынын мәлімдеуі себеп болды. Сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бағасы 3,9 пайызға төмендеп, барреліне шамамен 84 долларға түсті. Ал америкалық WTI мұнайы 4,8 пайызға арзандап, 81 доллар шамасында саудаланды. Егер баға осы деңгейде тұрақтаса, бұл мұнайдың наурыздың 4-інен бергі ең төменгі көрсеткіші болмақ. Ол кезде соғыстың басталғанына бірнеше күн ғана болған еді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #АҚШ #Иран #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz