Биылғы жаз қатаң. Әлемді от шарпып, соғыс, одан қалды мұнай, энергетика дүрбелең туғызса, бір жағаға климат дағдарысы жармасып тұр. Үндістан мен Пәкістанда күн 50 градусқа дейін ысыды.
Мұндайда адам жұмыс істемек тұрмақ, тысқа шыға алмайды. Үндістан тігін фабрикаларында жұмыс жүрмей жатыр. Мұндай жағдайлар әлемдік нарық үшін бір қарағанға жеңіл көрінгенмен, салдары оңай болмайды.
Үндістанда өндіріс кідіріп тұр
Әлемдік киім өндірісінде Үндістанның үлесі басым. Бұл елдің тігін және тоқыма өнеркәсібі 45 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын шамамен 16 млрд доллар көлемінде дайын киім экспорттайды. Танымал Uniqlo, Marks & Spencer, Tesco, H&M және Zara сияқты шетелдік брендтердің тапсырыстарының едәуір бөлігі осы елде тігіледі. Осы себепті өндірістегі кез келген кідіріс Үндістан экономикасына ғана емес, жаһандық жеткізу тізбектеріне де әсер етеді. Нью-Йорк университетінің (NYU Stern) Бизнес және адам құқықтары орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, қатты ыстықтың салдарынан Үндістанның төрт өңіріндегі 10 тігін кәсіпорнында өнімділік 10%-ға дейін төмендеген. Маталардың сапасы нашарлап, өнімді жеткізу кешеуілдеген. Әрі жұмысқа келушілердің де қарасы азайған. Бұл климат өзгерісінің өндірістік секторға қауіп төндіретінін көрсетеді дейді, сарапшылар.
Люси Сирс, NYU STERN аға зерттеушісі:
- Үндістанның бірқатар өңірінде ауа температурасы 45°C-тан асып, өткен айда Уттар-Прадеш штатының кейбір аудандарында 48,2°C-қа дейін жеткен. Фабрика басшылары зерттеушілерге қатты ыстықтың салдарынан маталарда тер дақтары пайда болатынын, шаң-тозаңның көбеюін, тігін кезінде қателіктердің жиіліп кеткенін айтады.
Үндістанда аптап ыстықтан жұмыс тоқтап тұр
Халықаралық еңбек ұйымының болжамына сүйенсек, Үндістандағы еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты, алдағы 3 жылда 34 миллион жұмыс орны жоғалуы мүмкін. 2024 жылғы Lancet Countdown баяндамасына сәйкес, 2023 жылы Үндістан аптаптың әсерінен 181 миллиард жұмыс сағатын жоғалтқан. Бұл көрсеткіш 1990–1999 жылдардағы орташа деңгеймен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Жұмыс күшінің қысқаруына байланысты 3 жыл бұрын үнді экономикасы 141 миллиард АҚШ доллардан айырылған. Әсіресе ауыл шаруашылығы секторына тиесілі шығын көлемі 71,9 миллиард доллардан асады. Биыл да аптап алқымнан алып тұр. Әлемдегі ең ыстық 100 қаланың 97-сі Үндістанда. Ең жоғары көрсеткіш Одиша штатындағы Балангир қаласында. Ауа температурасы 48 градус Цельсийге дейін жетеді.
Қатты ыстық адам өліміне әкеледі
Еуропа елдері де кейінгі 4 жылда қатты ыстыққа тап болды. 2022 жылдан бері 200 мың адам ыстыққа шыдамай көз жұмған. Тағы миллиондаған адам түрлі ауруға шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі осылай. Сынап бағанасының 35°C-қа жетуі – адам өміріне аса қауіпті шекті көрсеткіш дейді мамандар. Мұндай жағдайда адамдардың көпшілігі жылу соққысына ұшырауы мүмкін. Ал 18–24°C аралығындағы температура адамдарға қолайлы. Дегенмен, ыстық климатқа жақсы бейімделген жұрт бұдан сәл жоғары температураларға да төзе алады. АҚШ-тың Ұлттық экологиялық денсаулық институтының дерегіне сүйенсек, ағзаның дене температурасын реттей алмауы жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, ми қан айналымы аурулары және қант диабеті сияқты созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін.
Ханс Анри Клюге, ДДСҰ Еуропалық бөлімінің директоры:
- Аптап ыстық қарт адамдарға, балаларға, сондай-ақ жүрек, бүйрек және басқа да аурулары бар адамдарға қатты әсер етеді. Ол сусыздануға, жылу соққысына әкеліп, бұрын бар ауруларды одан сайын асқындырады.
Қатты ыстық саяхатқа қолайсыз
Күннің қатты ысуы туристерге де қолайсыз. Сынап бағанасы 40–50°C-қа дейін көтерілсе, ашық ауадағы экскурсиялар, тарихи орындарды аралау қиын. Күн өту, сусыздану және денсаулыққа қауіп төндіретін өзге де жағдайлар көбейеді. Сол себепті ыстық өлкелерге саяхаттаудан бас тыртып жатқандар көп. Кейінгі жылдары туристер тіпті қоңыржай Еуропаның оңтүстігіндегі Испания, Италия және Грекияға саяхаттауға жүрексінеді. Туристер енді Еуропаның солтүстік өңірлеріне баратын болған.
Ал әлемдегі ыстық аймақтарға жазда саяхаттаушылар онсызда азаяды. Соған қарағанда туристер бұдан былай солтүстікке қарай өзгерте беретіні анық. Ал қазір ең жоғары температура Оңтүстік Азия мен Парсы шығанағы аймақтарында. Әсіресе Пәкістанда сынап бағанасы 51 градусқа дейін жетеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Үндістан #аптап ыстық #климат #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz