АҚШ президенті Дональд Трамп екінші сауда соғысын бастауы мүмкін.
Алғашқы экономикалық қақтығыста Ақ үй басшысы көздеген мақсатына толық жете алмаған еді. Десе де, Трамптың бұл саясаттан бас тартқысы жоқ. Енді бірден 60 мемлекетке кедендік баж салығын енгізбек.
Президент Дональд Трамп алғашқы сауда соғысын бір жыл бұрын, екінші президенттік мерзімі бастала сала ашқан еді. Бірақ онысын жүзеге асырығанмен кей жағдайда діттегеніне жете алмады. Ресми Вашингтон Бейжіңге алымды еселеп арттырғанмен, Қытай да қарап қалған жоқ. Қарымта әрекетке көшіп Ақ үйді сирек минералдар экспортына шектеу қоятын болып абдыратқан еді. Сөйтіп, бүгінге дейін қос тараптың экономикалық текетіресі бірде жария бірде жасырын жалғасып келеді.
Мао Нин, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қытай бір жақты тарифтердің кез келген түріне қарсы. Сауда және экономикалық мәселелер теңдік, өзара құрмет негізінде және екі тарапқа да тиімді диалог арқылы шешілуге тиіс. Қытайда «мәжбүрлі еңбек» түсінігі жоқ және біз мұны саяси қитұрқы әрекеттер үшін сылтау ретінде пайдалануға қарсымыз.
Әңгіме осы «мәжбүрлі еңбек» түсінігіне қатысты болып отыр. Қазір әлемде 50 миллион адам құлдықта өмір сүреді. Соның 28 миллионы мәжбүрлі еңбекке тартылған. Енді Дональд Трамп осы мәселе төңірегінде шешім қабылдамақшы. Ай басында Ақ үйдің баспасөз қызметі АҚШ әлемнің 60 еліне жаңа тарифтер енгізеді деп хабарлады. Вашингтон бұған федералдық Сауда туралы заңының 301-бабын негізге алып отыр. Оған сәйкес, Құрама Штаттар шетелдік серіктестердің сыртқы экономикалық әрекеттерін «әділетсіз» деп таныған жағдайда Ақ үй басшысы кез келген баж салығын енгізуге мүдделі.
ЦИТАТА
Дебора Эльмс, Сингапурдағы HINRICH FOUNDATION қорының басшысы
Бұл қоғамда үлкен пікірталас тудыратын қадам. 301-бап аса қуатты құрал, әрі оның күшін жою мүмкін емес. Кедендік баж салығын енгізуге батыл кіріскен әкімшіліктің қолында бұл тетік жаңа тарифтік кедергілердің көптеп пайда болуына жол ашады.
Кейін АҚШ-тың Сауда өкілдігі әлем бойынша мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына тыйым салу жөніндегі талаптарды қабылдамаған, не тиімді жүзеге асыра алмаған 54 мемлекеттің тізімін жариялады. Онда Қазақстан, Қытай, Ресей, Жапония, Үндістан, Аустралия, Ұлыбритания және басқа да елдер бар. Арнайы өкілдік тағы Канада, Эквадор, Еуропалық одақ, Индонезия, Мексика және Пәкістан сияқты талапты құп алған, бірақ бақылап, басқаруға келгенде тиімсіз жұмыс істеген 6 елді де тізіп шыққан.
ЦИТАТА
Джеймисон Грир, АҚШ сауда өкілі
АҚШ үшін сауда бойынша маңызды серіктестердің мәжбүрлі еңбек нәтижесінде өндірілген тауарлардың импорты мәселесіне бей-жай қарауы дұрыс емес. Мұның соңы америкалық жұмысшылардың әлемдік нарықтағы теңсіздікке тап болуына алып келеді. Біз енді бұған көнбейміз.
Осы уақытқа дейін АҚШ-тың экономикалық серіктестері сауда соғысына барудан тайсақтап, кездесулер мен келіссөздер өткізіп келді. Енді Трамптың жаңа қадамы әлемдік нарық үшін тағы ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Ал Ақ үй жаңа ережелер бірден күшіне енбейді. Алдымен 6 шілдеге дейін жазбаша қарсылықтар қабылданады, кейін қоғамдық тыңдау тағайындалады деп отыр.
Нұрбике Жігер
Тегтер #Трамп #сауда саттық #АҚШ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz